Бақытты бол, "қымбат адам"...
Бақытты бол, "қымбат адам"...

*** Өзгенің өңешінде кетіп бара жатқан асты тартып жеп, сырғып бара жатқан шайын құбырмен сорып ішетін адамды көріп пе едіңіз? Ал, мен көрдім! Және тағы мынандай адамдарды да көрдім: ұшып бара жатқан құстың қауырсынын жұлатын, айран ішінен сүтті айырып, нан арасынан ашытқыны тауып беретін адамды; киерге киім, өзі аш, ішерге ас болмаса да, езуінен күлкі кетпей, сүріп жүрген әр күніне шүкіршілік айтатын адамды; бетіңе жылбырап күліп, көзіңше өзіңді көкке самғатып, мамық көрпемен қағып алатын, әр сөзіңді алтын, деміңді жұпар иіс қылатын,  ал, өзің жоқта адамдар ішіндегі ең нашары, өзімшіл де, мақтаншақ адам сен деп көрсететін адамды; ажалы алты адым жерде тұрса да, ауруы алқымнан алып, өкініші өзегін өртесе де, іздері, сұрауы қалмаса да, тірлігін қылып, ешкімге жалпақтамай, барымен базар болып жүретін адамды; кеудесіне нан пісіп, төбесіне шай қайнап, табаны жерді тесіп, қолдары көкке жетіп, жер-көкке симай жүретін, бірақ бас ішіндегі миының бір түйірін істете алмайтын адамды; ақыл айтқанда алдына жан салмай, ал, сол айтқандарының бірін де өзі істемейтін, «бипылауыз» адамды да...тағысын тағы. Жер бетінде қанша «бас» болса, сонша ой, сонша пікір, сонша өмір, сонша бетперде... Соның ішінде мен де бармын... Неткен, шебер де, әртүрліміз!

*** Күні бойы Алматыда «қаңғырған» аяқтарыңды әрең сүйреп, бәленбай сағат автобуста қос аяқтан тік тұрып, кешкұрым үйге жетесің әйтеуір. Келген бетте киім шешпестен, шартты рефлекс секілді бірден теледидар қосасың. Менің үйге келетін уақытым дәл 31 телеарнасының Информбюросына сай келеді. Бүгін де кешегі жаңалықтар секілді. Қазақстанның мына қаласында көп балалы отбасы қуықтай патерде күн көруде, мына қалада атыс болды, мына ауылда су жоқ, жарық жоқ, мына қалада адам өлігі табылды, әуе мынанша адамды ажал құштырды, бәленбай жерде бәленбай көлік соқтығысты, нәтижесінде мынанша адам мерт болды.... Құдай-ау, не болып кетті өзі? Осыдан бірнеше жыл бұрын, мен оқушы болғанда осындай оқиғалар тек Америкада, Қытайда тағысын басқа өзге елдерде болатын сияқты көрінуші еді. Қазір дәл біздің жанымызда болып жатыр. Тіпті қорқасың. Жаңалықтарда көргенде, осыдан бір сағат бұрын ғана жүріп өткен жолыңда адамды қағып кетіпті деп көрсеткенде, денең түршігеді. Сол адамның орнында мен де болуым мүмкін еді. Автобуста кетіп бара жатып, дабылқаққышын «ойбайлатып» бара жатқан жәрдем көлігіне жол беруді де білмейді кейбір жеке автокөлік иелері. Құдды бір, ойнап бара жатқандай дәрігерлер. Автобуста тұрған біз, бейне бір таса жерде тұрғандаймыз. Автобус сыртындағы басқа әлем секілді. Дәл сол жедел жәрдем бір күні бізге де көмектесуге осылай асығатынын білмейміз бе әлде? Білесіз бе, «темір аттардың» иелері, сіздің бір реттік жол бермей, айналадағы жағдайларға селқос қарағаныңыз, бір адамның өмірін жалмауы мүмкін. Егер, егер, егер...егер сіз сол жедел жәрдемге жол берсеңіз, көшенің анау басында соқтығысқан көліктердегі адамды немесе өрттен денесінің жартысы күйіп шыққан жанды, өмірге ренжіп, бәленбай қабаттан өзін-өзі лақтырып жіберген адамды немесе құнды қағаздың кесірінен «жауларынан» денесіне ауыр жарақат алған адамды аман алып қалу мүмкін болар еді... тек егер де сіз жол бергенде...

       P.S. Қазағымның қай телеарна болмасын, күндердің бір күні жаңалықтарды тек жақсылықтан бастап, тек жақсылықтан аяқтар...үміт.

***...тайғанап кеттім, құладым. Жаңа ғана киіп шыққан киімді былғадым. Жаңбырдың басылғаны сол-ақ еді, сыртқа шығамын да, ойнаймын деп азар да безер болып қоймай қойған едім. Тіземді ауыртып алсам да, қорқып келемін үйге. Жазалауға тұрарлық бұл ісім. Соншама сора сорам шыққанша жылап, далаға шыққанымды қайтейін, бес минуттан соң келіп тұрмын балшық-балшық болып. Енді анам ұрса да мейлі. Кінәлімін. Жоқ. Бірақ анам ұрыспады да. «Ақымағым-ау, сәл қоя тұр деп едім ғой»- деді... Бар болғаны сол. 

***Оның ойынша, өмір деген - әдемі, әрі қымбат киім, аты әйгілі иіссу, бір қасығы менің бір айлық еңбекақыма татитын қымбат тағам, айналасы өзі секілді «қымбат» достар, шеккені шылым болса да, демі «жұпардай», көргені, барғаны тек «мәдени» жерлер, естігені «әсем әуен», оқығаны «құнды дүние»... Иә, иә, бұл да біреудің өмір сүру «тәсілі», «таңдауы», «бұйырғаны», «қолынан келгені»... Аяушылықпен қарап, «бақытты бол» деп, басыңнан сипағым келеді, «қымбат адам»! 

/сурет гугл кз сайтынан алынған/

 

Мақпал СембайМақпал Сембай
9 жыл бұрын 5879
7 пікір
  • Ойландырады.
    9 жыл бұрын
  • талай жайттың басын шалыпсыз
    9 жыл бұрын
  • тайғанап кеттім, құладым. Жаңа ғана киіп шыққан киімді былғадым. Жаңбырдың басылғаны сол-ақ еді, сыртқа шығамын да, ойнаймын деп азар да безер болып қоймай қойған едім. Тіземді ауыртып алсам да, қорқып келемін үйге. Жазалауға тұрарлық бұл ісім. Соншама сора сорам шыққанша жылап, далаға шыққанымды қайтейін, бес минуттан соң келіп тұрмын балшық-балшық болып. Енді анам ұрса да мейлі. Кінәлімін. Жоқ. Бірақ анам ұрыспады да. «Ақымағым-ау, сәл қоя тұр деп едім ғой»- деді... Бар болғаны сол. 
    9 жыл бұрын
    • Өмірде де тайғанап құлап жатамыз. Балшыққа жүрегімізді бұлғап, жандүниемізді кірлетеміз. Сонда да мейірімді Алла сүйеп жатады.
      9 жыл бұрын
  • Теледидардағы жаңалық демекші, күнделік неше түрлі жамандық, жоқшылықты айта бергенде, әкем: ауыздарынан бір жақсы сөз шықпайды екен, жақсы сөз жарым ырыс деген бар емес пе?! Неге жақсылықтарды айтпайды?!- деп ренжіп отыратыны бар.
    9 жыл бұрын
  • Мақпал ханым сіздің еңбегіңізді асыға күтудемін!
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145