Адамның хайуаннан айырмашылығы - ақылында
Адамның хайуаннан айырмашылығы - ақылында

***

- Тыныш. Камера  тұр!

- Қайда?

- Әне, көрмей тұрсың ба? Болды енді, түк көрмегендей жалтақтама! Қой деймін! Ауылдан келді екен деп қалады. Шайнаңдамай, әр жеріңді бір шұқымай, талтаңдамай жөндеп жүр!

 ***

-Жылдамдықты азайт!

- Неге?

- Камера тұр деген белгілі көрмей тұрсың ба?

- Аааа...

 ***

- Жұмыстасың ба?

- Иә.

- О, жақсы болды. Мен жұмыстан шықтым. Саған барып әлеуметтік желідегі  пошталарымды тазартып алайыншы, хаттарға толыы-ы-ып кетіпті.

- Ол енді мүмкін емес...

- Неге?

- Кабинетіме камера орнатып тастады. Сен емес, өзім де кіре алмай отырмын әлеуметтік желілерге...

 ***

         Заманауи құрылғылармен жабдықталған қандай ғимаратқа кірсең болды, сол ғимараттың ішінде: бұрыштарында, бізге мәлім емес таса жерлерде, төбелерге ілінген кішкентай жарты шар тәрізді немесе қалпақ киген жалғызкөзді дәудей «қара көзді» көресің. Көресің де, сенің әрбір әрекетіңді «біреудің» бақылап тұрғандығын сезесің.

         Иә, мөлдіреген «қара көз» камера біздің әр іс-әрекетімізді бақылап, оғаш қылық жасамай, дәл сол өзі орналасқан ғимаратқа сай тәртіпке бағынып тұрған-тұрмағанымызды ғана қадағалап, бастығына жадысына жазып алған ақпаратпен есеп береді. Оның да өзіндік пайдасы бар. Дегенмен...

         Ал, сол бізді бақылап тұрған «көзді» бақылап тұрған «Құдыретті» ше? Оны сеземіз бе? Ол «Құдырет» бізді толықтай, шашымыздан тырнағымызға дейін, оянғаннан ұйықтағанға, ұйықтағаннан оянғанға дейін, ішіп-жегенімізді, жүргенімізді, сөйлегенімізді, т.б. бәрін-бәрін өз назарында ұстап тұр емес пе?! Егер, «Ол» бізді аз уақытқа назарынан тыс қалдырып, бірнеше минут ауа беруді ұмытып кетсе, бұл жалғанмен қоштаса беруге болады. Дәл сол Құдыреттен қорықпай «Өмір» деген ғимаратта тыйым салынған қаншама дүниелерді істеп, тәртібіне бағынбай жүрсек те, сол Құдырет біздей опасыз, қадірсіздерге өз мейірімін, қамқорлығын сездіруде. Соншалықты мүмкіндікті, түзелуге деп берілген уақытты дұрыс пайдаланбай, тайраңдап жүрген бұл жүрісіміз  сондай қорқынышты...

         «Қара көз» орналасқан ғимаратты тастап шыққанда, еркінсіп, бізді үздіксіз бақылап тұрған Жаратушының күшін сезінбей, құмырсқаның илеуін бақылағанымыздай бізді де бақылап тұрған Иенің қаһарынан сескенбей, мейіріміне тәнті болмай, әйтеуір өткен бір күнімізге риза болып, бүгінгімен ғана өмір сүріп жүргендейміз... Адамның хайуаннан айырмашылығы ақылында емес пе?! Неге сол «сыйды» тиімді пайдаланып, өмір-ғимараттың да талап-тілектері мен қойған шарттарын орындап, тыйымдарынан тыйылып, көрсеткен жолымен жүрмеске? Әсте, ол қолымыздан келетін іс емес пе? «Құрылғының көзінен» емес «Құдыреттің өзінен» қорыққанымыз абзалырақ болар, ә? 

Мақпал СембайМақпал Сембай
10 жыл бұрын 3822
2 пікір
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145