Сақтайықшы сол "салтты"...
Сақтайықшы сол "салтты"...

Ал, Құрбан айтқа аман жеткен бауырлар, құрбан айт құтты болсын! Келер жылғы айттыққа аман-есен, төрт көз түгел жетуді нәсіп етсін!

"Бүгін ешкімдікіне айттамай қоя тұрайық. Біреу-міреу кеп қалар үйге" деп бәріміз үйден шықпай отырамыз бірінші күні. Екінші күні айттауға енді шығайын деп жатқанда үйінен сенен ертерек шыққан біреулер кеп қалады. Сөйтіп жалғаса береді... Бұрын солай еді. Ал, бүгінде, байқасам, онша айттамайды ешкім. Бәрі жұмысбасты ма, әлде зауқы жоқ па... Тіпті көршілерге де кірмейді. Бұрынғыдай ма деп бір көршіме "айт қабыл болсын" айтып кіріп ем, тіпті дастарханы да жайылмаған. Өзім ыңғайсыздандым. Нан ауыз тиіп, кетіп қалдым.

Ал, бұрын ше? Дастархан жайылған, шәй бұрқылдап қайнап тұрады. Қыс болса пеште шәугім қайнап, басқа мезгілде тоқ шәугімді қайта-қайта қайнатып, қонақ күтіп отырушы ек. Айттап келетін адамдар. Анау көрші келді. Мынау көрші келмеді. Сол келуі керек деп күтесің. Күткендерің келеді. Анау көршіге бардым, мынауы қалды деп жоспардағы тындыру керек ісіңдей міндет болып тұратын мойныңда. Рас. Бұрын солай еді. Ол кезде бала ем. Ата-анам осылай істейтін. Ал, біз, балалар жиналып алып бірге кіріп шығатынбыз үйді-үйге. Ес білген шақта үйде айттап келушілерді күтіп қалатынбыз. Біз қызық көріп, қыдыруды, кәмпит жеуді, ананың үйінен мынаны жедім, ананы жедім деп айту үшін ғана айттайтынбыз. Ал, ата-анамыз барған үйіне ақ тілектерін жаудырып келетін. Үйге келген айттаушылар да құры бос келмей ақ тілектерін бірге ала келетін. Ата-анамның солай істегенін көріп өскеннен кейін өзің де солай істегің келеді екен. Алайда, "сен тимесең мен тиме бадырақ көз" деп, өзі ешкімдікіне айттамайтын болған соң үйіне де ешкім келмейтініне сенімді түрде дастархан жаймай, әйтеуір ел істеп жатыр деп арапада пісірген санаулы түйір бауырсағын ешкім келмейтініне сенімді болса да "біреу келсе" деп сақтап қойып отыратын да адамдар барына сенімдімін...

Дегенмен де, кейбір ауылды жерлерде әлі де менің балалық шағымдағыдай айттау дәстүрі бар екеніне сенемін! Сақтап қалшы сол дәстүрді, қазағым, мұсылман бауырларым! Тағы да Құрбан айт құтты болсын, Ағайын!

(сурет ғаламтордан алынды)

Мақпал СембайМақпал Сембай
8 лет назад 4705
0 комментариев
О блоге
0
56583 278 295 205 145