Бойдың биіктеуі – ойдың биіктеуі емес
Бойдың биіктеуі – ойдың биіктеуі емес

 …Күзгі бақтан терілген ақ раушан гүлінің күлтесінің ауада қалықтаған дыбысын қылқалам етіп, дәл сол ақ раушан гүлінің тамшысынан жасалған бояумен салынған, жиегі сол бір ақ раушан жапырақтарымен өрнектелген, көздің жақұтын алар, ақ раушан гүлінің нұрынан күнге шағылысқан анашымның бейнесі салынған әдемі суретті қалаймын…

***

–        5 теңге берші, бала… 5 теңге берші, қыз… дайте, 5 тенге…

126-ыншы автобусқа мініп, «ақша жұтқыштан» билетімді ала бергенімде, орта жастағы, орташа бойлы, жұпыны киінген бір қазақ әйел «ақша жұтқыштың» жанына жақсылап орналасып алып, әрбір билет алған жолаушыдан 5 теңге сұрап тұрғанын байқадым. Ешкімді де қалдырмайды. Әр адамнан жасына сай сыпайыланып, орыстан орысша, қазақтан қазақша сұрап тұр. Қайыр тілеудің жаңа түрі ме? Орташа есептесем, автобус тоқтағанша, біраз «байып» қалатынға ұқсайды. Алматылықтардың жұмыссыз жағдайында табыс табудың жақсы тәсілі екен. Қайыр тілеудің кәсіпке айналғаны сонша, тіптен, кімнің расында түгі қалмаған қайыршы екенін айыру мүмкін емес. Өзге елден келген сығандар мен өзге ұлт өкілдерімен жағаласып қайыр тілеп жүрген қазақтар саны көбейіп жатқаны тағы рас. Неліктен бұлай болып жатыр екен… Азғанымыз ба, тозғанымыз ба, озғанымыз ба?! Кеудені кернеген күрсініс пе, өкініш пе, әлде ыза ма?!

***

Ей, Алатау, ей, Алатау… Алатау деймін! Алатау-ау, сәл аласаршы? Сәл ғана төмендеші? Жете алар емеспін саған… Айтарым бар! Алатау, сырласайықшы? Адамдар менен шаршаған сияқты. Жалықтырғанмын-ау бәрін шамасы…

Алатау, сенен миллион есе кіп-кішкентай мынау менің өзімнің жан-дүниемді жарып, өн бойымды жоқ қыларлық мұңым, қайғым, қуанышым бір басыма жетерлік. Жаратқан адамға көтере алмас сынақ бермейді дейді. Дегенмен де, кейде жүрегім жарылардай ауырып, бүкіл денемді бір нәрсе өртеп жібереді! Кішкентай сынаққа шыдамай, өзімді құздан лақтырғым келетін сәтте сені ойлаймын. Алатау, неткен асқарсың! Сендей болсам, мынау қайғы-cымақ дүниелер түк те болмай қалар еді! Сен де көргенің мен бауырыңа келіп мұңын шаққан пенделердің сырын ашып, сонша мыңжылдық құпияңа шыдай алмай жарылсаң, не болмақ?! Мен жүрген біреумін ғой. Әлдебір күні жарылып кетсем де, Алматыны армансыз аралап, бақтарында қыдырған, көк аспанын көріп қуанып, Медеуінің мұзын сүйіп, Көктөбесін талай асқан, көшелерін кезіп өткен, болып – болмағаны  беймәлім, ешкімге қызықсыз біреу кеудесіне сыймаған тынымсыз уайым мен миын жеген сансыз ойлардан кетті дер. Кетті дер де, екі-үш күн аза тұтып қоя салар. Ал, сен жарылсаң… Жо-жоқ! Ешқашан! Сен олай етпе, Алатау, жарай ма? Әйтпесе, орының ойылып, мынау Алматым қорғансыз қалады! Сен, сен солай тұра бер, жарай ма?! Қанша азаптанып, қанша қамықсаң да, сен солай тұра берші? Әлі талай тарихтың куәсі болып, талайды өткеруің керек қой! Алатау, сен расында асқарсың!

***

…Жасыңа жас қосылып, ойың, бойың өскен сайын адамдардың бетпердесін сыпыру оңай, әрі өкінішті болады екен…

***

         Ұлы сөзде ұяттық жоқ! Шіркін-ай, қазақтың қара сөзінен асар не бар?! «Тық-тық етіп өкшесі, Былқ-былқ етіп бөксесі »… Пай-пай!!! Өзі екеу-ақ болып жаратылған «ақылды» жаратылыстың ішіндегі «көріктісі», нәзік жанды қыз-қырқын-ай! Өзі жіңішке әрі ұзын шегедей жерге қадалып келе жатқан өкше денеңді қалайша көтеріп тұр екен? Кенет тайып кетсең, оңбай жығыласың-ау! Қайран оқтаудай түп-түзу, жіңішке балтырың! Жүре-жүре үйреніп те кетті-ау, мұндай «азапқа»…

         Жо-жоқ! Кие беріңіздер! Кие беріңдер! Бәлендей қарсылығым жоқ!!! Қытығыма тиіп отырғаны – өкше биіктеген сайын көңіл сол жерге бұрылып, бастағы ми мен ой бірден жерге жақын жаққа ауысып кететіндей… «Қалай өзі, әдемі жүріп келе жатырмын ба?», «Адамдар маған қалай қарап тұр?», «Сәнде қазір биік өкшелі аяқкиімдер жүр екен! Соны алу керек еді!», «Бүгін бірінші рет киіп шығып едім, құлап қалмасам болғаны…», «Аяқкиімім киіміме сәйкес тұр ма екен?», «Мәссаған, жолдың бәрі мұз! Тайып кетпесем болды….» Тайып кетпе, құрбыжан! Жолдан тайсаң да, өмір-жолынан тайма! Ойлар арасында адасқан ойлар-ай! Құрбыжан, ойыңның бәрі қайда ығысып кеткен өзі? 

         Аяқкиімің, сөз жоқ, әдемі! Неткен, үйлесімділік! Қандай талғампаз едің! Сөмкеңнің түсі дәл аяқкиіміңнің түсіндей екен! Жарасымды-ақ! Пай-пай, қалайша соншалықты биік өкшелі аяқкиіммен тіп-тік жүресің?! Құдды, сән көрсетіп келе жатқандай! Біртүрлі, өкшеңнің биіктігі, мүлтіксіз, маңғаздана қадам басуың, сырттай қарағанға сені сенімді, мықты, ақылды, һәм қатал адамдай көрсетеді екен! Шындығында солай ма екен?!

         Жазған жазу үлгіңе қарап, адамның мінезін білуге болады екен. Жүрісіне қарап та адам жайлы аздаған мағлұмат алуға болатындай…

         Өкше биіктеген сайын бой биіктейді… Қарсылығым жоқ! Бойдың биіктеуі – ойдың биіктеуі емес.

**

…Ыстық пеш. Үстінде кезек-кезек аузы мұрны көпіре қайнаған шәугімдер. Көбіктеніп, пісіп бара жатқан сүт. Ешкім көрмесе де қосылып тұратын теледидар. Молынан жайылған дастархан. Көзде көзілдірік, қолда газет, әйнектің үстінен теледидарға қарап қойып диванда отырған әкем. Шай құюдың қамымен жүгіріп, тамақ салып, арасында бізді шақырып жүрген маматайым… Қолдың наны, қолдың майы, аппақ құрт, құлпынай тосабы, буы бұрқырап табақпен келе жатқан ауылымның картобы – жасандылығы жоқ әдеттегі отбасылық кешкі ас. Сол кезде әдеттегідей көрінуші еді, ал қазір… Сағындым, сағындым, сағындым жылылықты! Алматы, неліктен мұнша суып кеттің сен?! 

(сурет жеке мұрағаттан)

Мақпал СембайМақпал Сембай
8 лет назад 4198
0 комментариев
О блоге
0
56583 278 295 205 145
Прямой эфир