Өмір...
Өмір-өткен,
Болашақ болу үшін.
Өмір-көктем,
Табиғаттан адамзат алар күшін.
Өмір-саз,
Көмеймен шырқай жөнел...
Өмір-жаз,
Иманмен, қане, көгер!
Өмір-сыз,
Табаннан суық өтпесін!
Өмір-күз,
Қалқада жүр, жауыны көп төкпесін.
Өмір-құс,
Үлгермейсің, қанаттыға жете алмайсың.
Өмір-қыс,
«Қалың киін», аязынан тоңбайсың.
Өмір-ағаш,
Біліммен су құйып тұр.
Өмір-оғаш,
Келмейсің қайтадан, біл,
Өмір-тірес,
Ақылды мыңды жығар.
Өмір-күрес,
Жеңгені тауға шығар.
Өмір-5 күн,
5 саусақ сынды әр түрлі.
Өмір-5 түн,
Құптанды оқып, мәз болып, жүрек күлді.
Өмір-бір сәт,
Көзіңді ашып-жұмғанша.
Өмір-шахмат,
Пат болмайды ешқашан да.
Өмір-сағым,
Жете алмайсың қусаң да.
Өмір-лағыл,
Алтыннан қымбат әр таңда.
Өмір-гүл,
Солдырып алма, абайла.
Өмір-бұл,
Тым қатал ұстаз, алайда.
Өмір-сын,
Сынақтан өткін құлшына,
Өмір-шың,
Құлап қалмағын құзына...
***
Сүремін жалғанды..
Күлкімен күнді батырдық,
Біреуді алдап қатырдық,
Дәретсіз басты қисайтып,
Тағы бір таңды атырдық.
Және бір күнді бастаймыз,
Өсектен, әсте, қашпаймыз.
Май құйып көркем сөзбенен,
Адамды бірден даттаймыз.
Жағымпазданып, құбылып,
«Көкелерімізді» мақтаймыз.
Бұл күнде адал дос жоқ-ау,
Амал достарды сатпаймыз.
Ұрпағың ұятты білмесе,
Дәстүрді қалай сақтаймыз?!
Тіліміз шұбар, өспейтін,
Орыстың тілін жаттаймыз.
Қазақтың тілін сыйлауға,
Қашан біз аяқ аттаймыз?!
«Мен» деген көп, «біздер» аз,
Әрқайсы жеке бір төбе.
Мақтанға тұрар бар біраз,
Шашпаймын шаңды тым көпке.
Мен де ертең өтіп кетермін,
Кешегі өткен бабамдай.
Қалмаса екен, шіркін-ай,
Кірпішім менің қаланбай.
«Әжеміз» біздің ғаламтор.
Ертегі тыңдау – ескі әдет.
Әділдікті айту - жалақор,
Аузыңды ашпа, сол жетед.
Күлкімен батар талай түн,
Аққұлақ қарнын тойдырып.
Мәнсіз де, құнсыз өтер күн,
Ақылды пұлға сойдырып.
Ұсақтап кетті бүгінде,
Адамның қалау, арманы.
Дегенмен шүкір деймін де,
Сүргенмін.
...сүрем жалғанды...
***
Біз өмір сүретін бұл әлем...
Бағыты - құзар шың, асқар тау,
Барады өрмелеп біреуі.
Өзгесі есі жоқ, дені сау,
Етектен тартқылап күледі.
Көре алмай өзгенің жеңісін,
Қызғаныш күйдіріп, жандырар.
Теріп жеп басқаның жемісін,
Қу, арам өз қарнын тойдырар.
Көзімен алдайды, арбайды,
Басқаның бағына таласып.
Дос-нәпсі қулықты қармайды,
Жетектеп барады қыр асып.
Кеткелі сыр қашан сезімнен,
Сүйеді бір-бірін ақша үшін.
Ғашығын жүрекпен сезінген,
Жоғалтқан махаббат өз күшін.
Ананың айтқанын – бос сөз, деп,
Өз «білем» дегенмен жүреді.
Әкенің қабағын – бос көз деп,
Ақылын аңғармай, күледі.
Бәрін де білердей оқымай,
Сатып ап диплом мәз болар.
Түк білмес үйренбей, тоқымай,
Ұрпақпен қайсыбір ел оңар?!
Табатын табысы арам құн,
Ішкені іріңдей, қу арақ.
Әкеге қалайша айтам сын,
Анасы болса, әне, лас, салақ.
Ұрпаққа кім айтар ақылды,
Жоқ болса сүйенер ағасы?!
Қаттырақ қыс-тағы тақымды,
Өмірді сүр түскен бағасы...
Бәрін айт, мәні жоқ, бірін айт,
Тізілген «минус» көп, дегенмен.
Жүректің жағдайын біліп қайт,
Жылайды ол, көздерің күлгенмен.
Ал, мына әлемге зер салып,
Жүрекпен үңіліп қарашы?
Тағы бір қырын сен ал танып,
Жақсы әлем осы деп санашы?!
Мейірім әр беріп жүзіне,
Алақан жылуы кетпеген.
Жылылық орнатар жүзіңе,
Жүректе көктемі көктеген.
Істері сай болып сөзіне,
Тұратын берік, нық уәдеде.
Сеніммен қарайтын көзіңе,
Жалындап тұратын әр кеуде.
Сезімді бағалап, сыйлайтын,
Ғашықтар толы әлем – бұл әлем.
Достарын, жаманға қимайтын,
Жақсылық күтетін тек сенен.
Ардақты ата-ана, көкелер,
Жақсы дос, адал жар, саналы ұл.
Бақытты болуға жетелер,
Әлемнің санаулы сыры бұл.
Ізденіп ілімді жан-жақтан,
Талпынған еңбек пен жеңіске!
Әр жанның көзінен сыр баққан,
Жібермес достарын еңіске!
Бүр жарған ағашқа сүйсініп,
Сипаған жетімнің басынан.
Сырыңды жанымен түйсініп,
Кетпеген қиын сәт қасыңнан.
Барына қанағат қылатын,
Бағасын білетін «жақұттың».
Бұл әлем жақсылар тұратын,
Мекені сияқты бақыттың.
Бұл әлем біз өмір сүретін,
Таразы секілді тең тартқан.
Бір жағы жақсылық сүйетін,
Бір жағы жамандық, мұң артқан.
Екі түр, екі ажар, екі адам,
Екі әлем секілді кереғар.
Осы бір екі әлем ішінен,
Адамның жанын кім көре алар?!...