Бір сәт...
Бір сәт...

 Қадірлей біліп адамды, бағалау үшін бағасын, 

 Достың да, сірә, дұшпанның қабағын ылғи бағасың.

Туғанға селқос қарайсың, бауырға итше қабасың,

 Жоғалтып алсаң барыңды, оларды қайдан табасың...

 - Жоқ! Ішпеймін! Қарным аш емес! - деп, зірк етіп, есікті тарс жапқан Нүркеннің әйеліне бар айтқаны осы болды. Әдеттегідей жұмысына келді. Жедел жәрдем көлігінде жүргізуші болып жұмыс істеп жүргеніне бірнеше жылдан асқан. Жұмысына келе сала, көп ойланды. Манағы сөзінің отызға кеп қалған жігіт  ағасына лайық емес, орынсыз болғанын білді. Өз кінәсін сезінді. Еш  ашуланбай, сұраққа алмай, тамағын әзірлеп, киімін бүтіндеп беріп жүрген  әйеліне әділетсіз қарағанын сезді. Қоңырау шалып әйелінен кешірім сұрағысы да келген. Арасында «жүз граммнан» тартып қою соңғы кездері күндегі әдеті болса да, бүгін біртүрлі жүрек тұсы шым ете қалды, құлағы да шулайтындай. Таңертең үйден бұлай шығуына кешегі өзінің ісі себеп еді. Кеше той болды. Той дегенде де, кенет күтпеген жерден «қырық жылғы» достары пайда болып, кездесулерін «жууға» бас қосты. Бұл олардай салынып ішпейтін. Бірақ соншама жыл көріспеген достары етін қыздырып, жан-жақтан қолпаштап бұған ащы судан тартқызып жіберді. Түнгі он шамасында қоңырау шалған әйелінің қоңырауын басып тастады. Телефоны қайта «мазалаған» жоқ. Қоңырауды көтерер еді, өздерін досы санайтындар «әйеліңе айтпасаң болмай ма... бір рет бас қосқанда... біздің жанымызда кім ей ол...» сынды сөздермен оны айнытып қойған. Достары Нүркеннің бұған дейін де әйелін ренжітіп жүргендігінен хабарсыз еді. Дегенмен, көңілі орнында болмады. Түнгі сағат он екі шамасында оралды үйіне. Әйелі әлі күтіп отыр екен. Ләм-мим деместен, төсекке құлады. Миын жеп, қазбалап сұрау - әйеліне жат дүние. Күйеуіне сенетін, ақымақ емес екендігін білетін. Аман келгеніне шүкір деп, жанына жайғасты.

Басы мең-зең болып, төсектен таңғы алтыда тұрды. Дайын тұрған дастарханға көз салды да, басының сынып тұрғанын, қарны ашқанын сезді. Бірақ «дос- сымақтарының» «Әйелдің айтқанымен жүрме! Сен әйеліңді тым көп еркелетесің! Оларды керек кезінде сабап ал! Жұмыс істесін, арамтамақ болмай! Шектен шықса, ұру керек! Оларды былай ұстау керек!» деп, жұдырықтарын түйіп көрсетіп, орынсыз мақтанға салына айтқан сөздері әлі де миында тұр. Бұл сөздердің Нүркеннің отбасына еш қатысы жоқ болса да, аздап қызбалыққа салынды. Бірақ әйеліне «жұмыс істеме, балаға қара, сендерді өзім асыраймын, ботамыз мектепке барғанша тәрбиеле», деп оны жұмысқа шығармаған да өзі болатын. Таңғы асты ішпей шықпайтын әдеті еді. Жүз граммен «басын жазып алуға» да болмайды. Жұмысы бар. Бұны білген әйелі тиісті заттарын жинап, шай құюға отырды. Бірақ Нүркен заттарын ғана алып, орнынан тұрып кетті. Әйеліне қарауға бет жоқ.  Ащы суды ішуге болмайды. Денсаулыққа зиян. Адамды хайуанға  айналдырып, намыссыз қалдыратын дүние екенін біледі. Сол бір арам суды өзі де ешқашан құптаған емес. Бірақ осыған анда-санда осылай ұрынып қалады. Соңғы екі жыл көлемінде мұндай күндер, тіпті, жиілеп кеткендей.  Көптің аты - көп, жан-жақтан қаумалағанда, басы айналып қалды. Түні бойы  оқылған «лекцияның» әсері әлі де бар еді. «Шәй ішіп алсаңшы, күн суық...» деген, әйелінің сөзіне, «Жоқ! Ішпеймін! Қарным аш емес!» - деп жанын тырнарлық ащы үнмен жауап қатып, есікті тарс жауып, жұмысына келіп отырған жайы осы. Неге олай істегенін өзі де түсінбеді. Кінәлі өзі, кешірімді де бұл сұрауы керек. Кінәсі – соңғы жылдардағы отбасына дұрыс көңіл бөлмей, теріс әдетке үйір бола бастағаны, жарына суық қабақ танытып жүргендігі. Әйтсе де, тәккапарлыққа ұқсас жалған намысы әйелінің алдында бір рет  иілуіне бас бермей жүр. Қанша қатал, нағыз ер азаматқа ұқсап баққысы келсе де, көп қателік  жіберетінін сезіп жүр. Жан жарын көп ренжіткенін, балапанына көңіл аудармай кеткенін біледі. Бірақ бата алмайды. Бірнеше айда бір рет сыйланатын гүл де, ботасына ойыншық та жоқ. Қанша өркөкірек болып көрінгісі келгенімен, бір күні әйелім кетіп қала ма деп те қорқады. Гауһар үндемейді, бәрін ішінде сақтайды. Бас қосқан бес жылдың ішінде Нүркенге бір дауыс көтеріп, не қателігін бетіне басып, «анауым жоқ, мынауым жоқ» деп озандап жылаған да емес. Онсыз да жұмысы көп, шаршап жүретін күйеуінің титықтап миын жегісі келмейді, ыңырсып, «мяулауды» да ұнатпайды. Өзіне жарасымды қаталдығы, нәзіктігі бар. Тіпті, үш жыл бұрын шешесі өлгенін естірткенде де, сабыр сақтап, көзіне жас алмай, тек Нүркенді қатты құшақтап тұрды да, «Нұрым-ау...» деді (Нүркенді осылай еркелететін). Нүркен денесіне батып кеткен Гауһардың қолдарын ауырсынып, мұны жайлап босатып, өзі құшағына алғаны бар... Есіне алса, содан бері Гауһарды сол кездегідей құшағына алмапты та... Дәл қазір сол бір сәттің неге есіне түсіп тұрғандығын түсінбеді Нүркен. Анасы кеткеннен бастап, Гауһардың тұйықталып, сыр ашпай жүргенін енді ғана сезді. Араларынан суық жел ескендей... Денесі біртүрлі тітіркеніп кетті.

Жұмыстағылар бүгінгі күннің жұма екені есіне салғанда ғана барып, өзінің үш күн қатарынан «тойлап», үйге кеш қайтып жүргендігін білді. Жұма күні мешітке барып жүргендігін де ұмытыпты. Тәубесіне келмек болып, бар білер сүре-дұғаларын күбірлей жөнелді. Кенет кеше күндіз Гауһардың: «Жүрегім ауырып тұр, дәрі ала келші» дегені есіне түсті. Дәрі апарды ма бұл?! Жоқ! Себебі, «қымбатты» достары мұны сырасы бар «қымбат» жерге шақырған еді ғой... «Гауһарым-ау, тек менен кетпеші?!» Тіліне келгені осы болды... неге дәл осы сөз ойына келгенін де ұқпады...

Қызу жұмыс. Бүгін бәрі өмірмен қоштасып, көліктің астына түсіп, жүрек талмалары ұстап қалғандай, неткен қарбаластық! Құмырсқаның илеуіндей құжынаған Алматының тіршілігі бүгін тіпті майда қуырылған еттей қыза түскен. Енді отыра берейін десе, пәленше деген жерге деп, заулай жөнеледі дабыл сигналын ойната. Теңселіп, теңшеліп жетеді-ау әрең. «Тұр былай жолдан! Көлік жүргізе алмайтының бар, неменеге рөлге отырасың?!  Енді сен шықтың ба? Қаш былай! Кет былай деймін! Өй, мынау кете ме жоқ па...» Қозғалыстағы жолында кездескен көліктердің жүргізушілерімен айқайласу - Нүркеннің ашуланғандағы әдеті. Әрине, көлік иелері мұның «ондай» сөздерін ести бермейді. Бұл терезесін жауып алып, аузын жыбырлатады да жүреді. Жолдағылар бәлендей кедергі келтіріп жатқан да жоқ, әсілінде. Сүйіктісінен кешірім сұрай алмағандықтан, өзіне өзі ашуланып, сол ашуын көзіне түскен қыбырлағанның бәрінен алып келе жатқан түрі бұл. «Болмашы нәрсеге жедел жәрдем шақыртатын орыстарды түсінбеймін. Қазақ өліп бара жатқанда ғана шақыртады-ей осы. Ал, мыналар,  не болса соған әурелейді, біз ойнап жүргендей. Көзіне кірпік түсіп кетсе де, 103-ті тере жөнеледі. Ал, қазақ болса, көзіне қоқым, қыл, кірпік  түссе, «тіл салып, қант бүркіп» ем-домын жасап, Құдайым өзің жар болса көр, деп жүре береді. Аққұлақтар «кел де, көр жағдайымды» дегендей шалжиып сені күтіп жатады, саусағын қимылдатпастан. Ана жақта бір қазақ өліп бара жатса, біз соған керек болсақ ше?!» - бұл да Нүркеннің ашудан туған сөздерінің бірі. «Қайда барамыз? Тағы қай жерде кім өмірмен қоштасып, кімді қағып кетіпті?! Әй, солар өмірдің құнын, не о дүниенің сұрағын білсе, шіркін. Сосын өлімге асыққандарын көрер едім. Машинаны жын қуғандай айдайтындарды түк түсінбеймін. Алдында кетіп бара жатқан адамды құс деп ойлайды ғой деймін, иә?! Қақпаймын, жете бере ол ұшып кетеді деп, газын баса түседі одан әрі, ақымақтар! Сол бір оңбағандар үшін қаншама отбасы ортасына түсті-ей! Әй, сорлы, жұмаққа билет таратып жатқандай машинаны зулатқанда, алдында кетіп бара жатқан әкесі, анасы болса қайтеді-ей!» Айтып отырғанымның бәрі де дұрыс қой дегендей, жанында отырған медбикеге қарап-қарап қояды. Ол шын-өтірігі басын изеп қана отыр. Мұның сөзін мақұлдағанын көріп, Нүркен ашулы сөздерін әрмен жалғастыруда. Аузы жыбырлап келе жатқанымен, көлікті қатты жүргізбейді. Куәлігін сатып алмаған, өзі оқып алған. Жол тәртібін бұзған емес, бәрін бес саусақтай біледі. Алматы алдында жайылып жатқан ен даладай, емін-еркін аралайды, түкпір-түкпірдегі көшелерді адаспай тауып береді. Осындай есте сақтау қабілетінің, ұқыптылығының, жауапкершілігінің арқасында осы жұмыста істеп жүр. Кенет Гауһар тағы да есіне түсіп кетті. «Жүрегім» деп айтқаны кеше емес, алдыңғы күні сияқты көрініп кетті. Құдайым-ау, бұл тіпті күннен шатасып, жын соққан шығар мұны, сірә?! «Жаным Гауһарым, тек ауырмашы?!» бұл да өзіне ғана мәлім жүрек сөзі еді... Балапаны, нәп-нәзік Назымына тәтті әпермегеніне де біраз болыпты-ау. Бұл өзі балапанын тек ұйықтап жатқанда көретіндей. Өзінің халі қалай екен? Гауһарын, Назымын сағынып кеткенін енді сезді. Жүрегі тыпыршып, үйге қарай ұшқысы келді. Дереу үйге қоңырау шалып, Гауһарға кешке жұмыстан сұранып, ертерек баратынын айтып, жолай Гауһардың сүйікті раушан гүлдерін, Назымының сүйікті тәттісін алып тезірек үйіне барғысы келді. Иә, «үйіне»! Мұның айрандай ұйыған отбасы, сүйікті жары, ботақаны бар! Бұл расымен, бақытты екен! Барын бағаламай, неге мұндай күйге түсіп, «отағасы» сөзінің құнын түсіріп жүргендігін түсінбеді, ұялды. Гауһары мұны жақсы көреді, дәлелі - осы уақытқа дейін қабағын шытқанын көрген емес. Не істесе де, мұныкі дұрыс деп жүретін. «Неге «жүретін» деп ойлап тұрмын. Ол әлі бар ғой! Ол үйде! Ол менің ғана жаным! Ол менің ғана алтыным! Ол әрқашан да менімен бірге боламын деді ғой. Ол...»... Ойы сан-саққа кетті.

- Кеттік, Нурик!

Медбикенің дауысы миын жеген ойлардың ішінен мұны суырып алды. Жұмысқа жете бере, тағы да бір жедел қоңырау түсіп, қайта жолға шықты. Бұл жаңа ғана, Гауһарға қоңырау шаламын деп еді-ау. Қап! Жә, қазір жеткен соң, бірден қоңырау шалады. Бірден.

- Қайда барамыз?

- Қалдаяқов, 26, пәтер 203.

- Қайда? Қалдаяқов? Тағы кім өмірмен қоштасып, кімді соғып кетті екен тізгінсіз көліктің бірі. Әлде, тағы бір орыстың көзінен шыбын теуіп пе?

Мәнсіз күліп алған екеу тек жолға қарап келеді. Қалдаяқов көшесіне бұрылғанда барып, Нүркен үйдің нөмірін тағы сұрады.

- 26. Пәтер 203.

- Қанша?

- Саған не болған? Жиыр-ма ал-ты! Пә-тер екі жүз үш!

Көлікті кілт тоқтатқан Нүркен, медбикенің қолындағы қағазды жұлып алды. Иә, өзінің пәтерінің нөмірі жазылып тұр... Көз алдына Гауһарымен өткен бар бес жылы зулап өтіп кетті. Бір сәт. Бар болғаны бір секунд – оның есін жидырып, қателіктерін көз алдына тізіп, жайып салды. Бір сәт. Барымнан айырылып қалуым мүмкін-ау деген қорқыныш. Бір сәт. Өкіндірді мұны, іштей өкіртті. Бір сәт. Басын тауға шағып, жердің кіндігіне түсіп кетуге шақ қалған сезім. Бір сәт. Құрдымға кетіп бара жатқан «бақыты». Бір сәт. Сұмдық-ай, мәңгі оралмауы мүмкін өмірі. Бар байлығы естелікке айналуы мүмкін бір сәті... Тек бір сәт қана... «Гауһарым»... Басқа ештеңе айта алмады.

- Нүркен, не болды? Айдасаңшы көлікті! Тезірек! «Срочно» деп қайта-қайта қоңырау шалыпты...

Гауһарының «Нұрым» деген нәзік үнінен басқа ештеңе құлағына естілер емес. Сүйіктісін, нәзік дауысын, жылы қабағын, нұрлы жүзін, аялы алақанын, қамқорлығын, бәрін-бәрін қалай сағынғанын енді түсінді. Жаны құлазып барады. Мезгілдің қыс, көшенің алғашқы қардан кейінгі көк мұз екендігіне қарамастан, көлікке қанат бітіргендей зулап келеді, зулап келеді. Жетті. Тоқтаған бетте рөлге жабысып, бір нүктеге қадалды да қалды Нүркен. Қолына тамған су тамшысынан селт етті. Айнаға қараса, көзінде жас іркіліп тұр. Құдды тиіп кетсең, селдей ағар өзендей. Есін тез жиды да, жанталасып, көліктен түскен медбикенің артынан бұл да жүгіре жөнелді. Екінші қабатқа көтерілген медбике мұның артынан келе жатқандығына таңданды. Бірақ ештеңе демеді. Сезгендей. Нүркен пәтерінің алдына келіп, кідіріп қалды. «Шіркін, есігі біздікіне ұқсас бөтен пәтер болса ғой... ешкімге жамандық тілемеймін... бірақ тек менің Гауһарым емес... тек Гауһарым емес...» - деп тұрған Нүркен кішкентай қыздың шырқыраған дауысынан шошып кетті де, жанталаса кірді. Медбике біреудің есін жидыра алмай әлек. Жанында біреу отыр (Жедел жәрдемді сол шақырған болуы керек). Нүркен өзінің пәтерін танып тұрса да, әлі де тек менің «жандарым» емес болса ғой, деп тілеп келеді. Әр адымына үміттеніп... бір, екі, үш... «Жоқ... Жоқ!» Төсектің арғы жағындағы еңіреп отырған кішкентай қыздың дауысын таныды. «Балапаным. Гауһарым менің...» Дәл бағанағы сезім, жүрегі қағып, құлағы шулап барады... «Гауһарым... Гауһарым...»

- Папа! Сен қайда жүрсің?! Мамам құлап қалды ғой...

Тез есін жиып, жүрігіп жетті де, қан-сөлсіз сұлап жатқан Гауһарына бір қарап, медбикеге бір қарап: - Не болды оған, Балауса, айтшы?! Не болды?! – деп, медбикені жұлқылай жөнелді. Гауһардың Нүркеннің әйелі екенін түсінген медбике: - Жүрегі, жүрегі ... содан талып қалған. Тезірек ауруханаға жеткізу керек! - деді.

***

Дабыл сигналы мұның жүрек үніндей бүкіл қаланы басына көтеріп, көше-көшені бойлай, ұшып келеді. «Тек кетпеші?! Кетпеші?! Өтінемін?!...» Дабылмен бірге ішкі үні зарлай келеді...

***

Жан-жағынан ақ халаттылар қаумалап, дөңгелекті төсекпен әкетіп бара жатқан Гауһарына қарап тұрған Нүркен, бауырына тығылған балапанын одан әрі қыса түсіп: «Кешірші мені, жаным...» деді. Жол бойы есін жиған Гауһардың: «Мен шыдаймын, саған ауыртпалық салмаймын деп ойлап едім» - деген сөзінен, Нүркен көзінен қалай жас парлағанын сезбей қалды. «Тек мені тастамашы, тек кетпеші, өтінемін...»... Бар айтқаны осы болды. Гауһар: «Назымның қарны аш, сен де тамақтан, мен келемін» - деп, қорықпа дегендей сәл жымиды. Жанының бөлшегін алып бара жатқан дөңгелегі еденді сыра алға жылжыған төсек ұзай берді... Өз қолымен бақытын ұзатып жатқандай... Үміті сөніп барады... сөніп...

***   

Перденің бір шетінен көздерін қытықтап, тұр - тұрлаған күннің нұры мұны оята бастады. Кеше кеш жатқан еді. Сол күнгі оқиғадан кейін аузына ащы суды татпаған Нүркен, ол жұмыстан шығып, қала ортасынан қала шетіне, жер үйге көшіп, өзі кішігірім жеке кәсіп ашқан. Жылқыны байлап, сойып сатып, ілгерілеп келе жатқан жұмысы өзіне де ұнайтын. Кешегі күні тапсырыс көп болып, тым кеш қауышты төсегімен. Әдетте, күнмен таласып тұратындықтан, бүгін күн «мен бірінші тұрдым» дегендей, мұны жатқызбады. Күн сәулесіне малынған жатын бөлмелерінің мұнша әдемі безендірілгенін, заттардың сондай ұқыпты қойылып, үйлесімділік тауып тұрғандығын енді көргендей, орнынан тұрмастан көзімен айналасын бір шолып шықты. Ертемен тұрып кеткен сүйіктісінің орнын сипап, сүйсініп жатты. Бір кезде табаны жыбырлай жөнелді. Бір емес, екі табаны да. Кезек-кезек. Аяғын тартып қояды, тартып қояды. Болмады. Орнынан атып тұрып, төсектің аяқ жағында мұны қытықтап отырған балапанын көтеріп алып, «Біз ұшақпыз! Ұшамыз! Армандарды құшамыз!» деп, әуелете жөнелді. Ойынға мәз Назым ішек-сілесі қатып рахаттана күліп жатыр, күліп жатыр... Жерге аяғы тиген бойда, әкесін құшақтап алып: «ПАПА! Сен сондай кереметсің! Дәусің! Мен сені қатты жақсы көремін! - деді. Нүркеннің жүрегі елжіреп: «Балапаным менің! Мен сені сенен де қатты жақсы көремін!» - деді. «Жоқ, мен қатты!» «Жоқ! Мен...» таласып, қытықтасып ойнап жатқан екеу, «Менің еркелерім қайда екен? Кім тәттілерді жақсы көреді? Қане, дастарханға келіңдер!» деген дауысқа қарай жарысып жүгіре жөнелді. Қызыл гүлді, көкшіл түсті халат киген, басында ақ орамалы бар, періштесін жасырған іші сәл томпиып, жүзі нұрланып, көзі мөлдіреген, аққұба келген ас бөлменің иесін бірінші рет көріп тұрғандай, Нүркен жүгіріп барып, қатты құшақтап алды. «Жаным менің! Гауһарым менің! Алтыным менің! Сенің бар болғаның қандай жақсы!» деп, орнынан көтеріп алды.

- Қой деймін, қой енді, қазір қолымдағы қасықпен басыңнан салып қаламын! Қане, түсір мені, түсір! Нұрым!

- Папа! Алақай! Папа, мамамды да ұшыршы! Ұшақ, ұшақ ойнатшы?..

- Болмайды, Назым, ботақан! Нұрым, қой енді!... Нұрым…

***

Бүгінгі күн ерекше шуақты... Әдеттегіден де ерекше басталған нұрлы күн... Себебі, мейірімін, үмітін, жақсылығын, қуанышын, бақытын арқалай келген көктемнің алғашқы бақытты күндерінің бірі еді...  

Мақпал СембайМақпал Сембай
9 лет назад 4425
2 комментария
  • Мақпал қарындасым, рухани тамаша әңгіме тудырыпсың. Осындай әңгімелер бүгінгі оқырманға жетіспейді. Алла разы болсын! Соңына дейін үміт пен үрейді, өкініш пен арманды қатар алып шығыпсың. Көп адамға сабақ болары сөзсіз. Қоғамдағы пендешіліктерімізді емдейтін, адами құндылықтарды дәріптейтін осындай рухани әңгімелеріңді жаза бер, жаза бер!
    9 лет назад
    • Рахмет, Ағасы! Ин ша Алла, қалам талмаса, сана орнында болған шақта жаза берермін... тек оқитын адам болса, жазғанымның берері болса...
      9 лет назад
О блоге
0
56583 278 295 205 145
Прямой эфир