Ұстаздар - сорлы халық
Ұстаздар - сорлы халық

"ҰСТАЗДАР - сорлы халық. Өліп жұмыс істейді, күні бойы жүреді, сондағы алатындары бес тиын. Бұл өзі сондай халық. Жандарын жеп қалған. Анау-мынау қосымша жұмысты істемейді. "Қолдарын былғамайды..." - дейді "жұмыс іздеу" операциямда екінші жерге барғанымда бір "жеке кәсіпкер". "Жеке кәсіпкердің" тырнақшаға алыну себебі мынада. Интернетке жіберілген түйіндемем бойынша шақырған екінші барған жерім әлдебір редакция екен. "Сатып ал - сат" (лақап аты, негізі бұлай аталмайды) деген еш жерде ешкім жазылмайтын, ешбір газет дүңгіршектерінде сатылмайтын, қысқасы, мен үшін "болмайтын", белгісіз бір журналдың редакторының талабы бойынша мен кез келген базарды аралап, сатушыларды ешкім оқымайтын, еш жерде шықпайтын жаңағы журналға өзінің сүгіреті мен өмірбаяны туралы екіауыз сөз жазылған жазба шығу үшін 10 000 теңге беруіне келістіріп, ақшасы мен келісімін алып келуім керек. Бұл журнал оларды, саудаларын, кәсіптерін жарнамалайды дейді. Ешкім алмаса, еш жерде сатылмаса, кімді, қалай жарнамалайтынын ұқпадым. Әр күнге 10 адам. Әр тапқан адамымның 10 000-ынан маған түсетіні 1000 теңге. Айтуынша, айлығым бастапқыда 220 000. Ғажап! Байып кетермін! Мәссаған! Мынау керемет жұмыс қой! "Сіз журналистсіз бе?"-дегенімде, кірген бойда журналын көрсетіп: "Сен оларды алдап, көндіріп келуің керек. Бүкіл қала біздің табыс көзіміз. Бұл жұмысты "жақсы" орындасаң, айына бір джип мініп отырасың. " - дейді әлгі өзін журналист, жазушы, сазгер деп таныстырған кісі. "Мәссаған, өзі тіпті де жаяу жүрмейтін, бәлкім, жеке жүргізушісі де бар шығар" деп ойладым, жұқа жейдесінің қалтасынан осы айдың қарттарға арналған жолда жүру билетін байқағанымша. 
Cонымен, сөйтіп, кірген бетте "ақша-ақша" деп көзі жанып отырған алпысты алқымдаған атамыз Елбасын жамандап, "Украинаның күйі бізге де келеді, тек Украинада қару көп, ал бізде қару да жоқ" - деп бірден өзі туралы жағымсыз пікір қалдырған атамыздың жанында екі минут та отырмай, қашып кеткім келді. Бірақ, тағы бір журналист апайды шақырғанын айтқандықтан, соны күтіп, "әліптің артын баққым" келді. Сөйтіп, "отырысымыз" апай келген соң екі сағатқа созылып, әлгі кісінің "кереметтей" ұсынысына, жоспарына, ақша табудың тиімді жолына көзі жетіп, имандай сенген, ерінбей еңбек етсең, аз күнде байып кетуге болатынан сенді ме білмеймін, әлгі апай келісе кетті. Тіпті өзін қосқанда 12 адам болу керек топтың "бригадирі" болуға келісіп, алдыңғы жұмысынан шығып кететіндігін жеткізді. Екі сағат уақытым кеткендігіне аздап ішім ашыса да, біраз нәрсе біліп, тағы мен "танымаған" адам түрлері бар екенін көріп қайттым. Үшінші қазақ келген бетте, "орысша ма, қазақ айтайын ба" деген "бастыққа" "орысша айта беріңіз" деген апайым да, "келісті" екен деген ойда қалдым. Екеуара "ақша табудың" қайнар көзін тапқандай, жоспардың сорпасын сапырып отырғанда, телефоннан интернетке бастықтың аты-жөнін жазып кеп қалдым. Мәссаған! Мынаған қараңыз! Кезінде әлдебір жеке кәсіпкердің "кітабымды шығарып бересің бе" дегенінің арты, екі жақтың сотқа дейін жеткен дауымен аяқталып, екі жақ та ешнәрсеге қол жеткізе алмағандығы туралы ақпарат оқыдым. Тіпті болып қалуы мүмкін болған "бастығым" туралы жақсы ешнәрсе оқи алмадым. Жауыздар сияқты "іштей өсектеп, іштей бұғып", түк білмейтін жаман адам сияқты отыра бердім, арасында "иә, а, мүмкін, содан" деп, күліп қойдым да...қойдым... 
Күннің 1 қыркүйек болғанының арқасында ақ кофта, қара юбкамен, "мәдениетті қайыршы" кейіптегі, "сорлы ұстаз" болып, тек жақсы сөйлеп, "орынды" сұрақтар қойып отырғаныма қарап бастығымыз: "Бұлар мұндай жұмыс істемейді. Бұлар интеллигент емес пе? Құжынаған базар адамдарының ішіне қалай кіреді" - дегеніне - "Керісінше, осылай мәдениетті болып, "қатал" киініп барса, сатушылар бірден сенеді ғой. "Мұндайлар" адамға сенім ұялатады" - дейді "бригадир" апайы"м"... "Мәссаған!" дедім тағы ішімнен...
Екі сағаттық отырыстан жамбас та тесілді, құлақтың да құрышы қанды, ми да біраз шайқалды... вөщім, біраз нәрсе болды...
"Ойланып көрейін" деген күйде, шықтым да кеттім... Сол кеткеннен мол кеттім. Хабарласып, жөнімді де айтпадым. Келіспейтінім түрімнен-ақ байқалған шығар дедім.
Жоқ, өзі хабарласты атасы. "Жоқ, істемеймін" дедім. "Е, бес тиын алатын, не благодарный жұмысыңда жүре бер, сорлы" деген шығар атасы деген арам ой жылт ете қалды. Мейлі. Не ойласа да, не істесе де маған мейлі. Тек басылып шыққан соң, жаңағындай "аталардың" ісін жүргізіп қана қоятын, журналға шыққан "белгісіз танымал сатушылар" тек өз туыстарына көрсету үшін бірнешеуін сатып алатын "болмайтын" журналдардың көзін құртса, не "сондайларға" халықты алдауын қойдыратын адам болса деген бір тілек қана қалды менде...

Н.ғ.: Ұстаздар - нағыз еңбек адамдары. Тек бағасы әркезде бағалана бермейді... Және кез келген адам ұстаз бола алмайды.

Мақпал СембайМақпал Сембай
9 жыл бұрын 4351
11 пікір
  • Оныңыз рас!
    9 жыл бұрын
  • Келісемін. Ұстаздың қадір-қасиеті қалмады. Өзім де ұстазбын.
    9 жыл бұрын
  • Ұстаздар жасасын!
    9 жыл бұрын
  • Ұстаздық менің ойымша өте қадірлі мамандық. Рас көп табыс әкелмеуы мүмкін дегенмен де қанша адамның оқып тәлім тәрбие білім алуына үлкен септігін тигізеді. Ұстаз болу арманым еді.
    9 жыл бұрын
  • Кішкене күндерімізде мұғалімдердің балалары өзгелерге қарағанда әдептілеу болып келетін. Ауылдастардың санасында олардың балалары жаман қылыққа бармайды деген түсінік бар еді. Содан, ауылдан алшақтау бір жерге барғымыз келсе, әкемізден сұранатынбыз. Сонда, егер қасымызда мұғалімнің балаларының бірі болса, баруға рұқсат беретін. Басқа болса, жібермейтін. Бірнеше сылтаулар айтып, зорға дегенде көндіретінбіз бірақ ))).
    9 жыл бұрын
    • Әкем де, анам дар ұстаз болғандықтан, біздің үйге барлық сыныптастарымның келуіне дәті бара бермейтін. Тек 1-2 қыз бен ұл болмаса)
      9 жыл бұрын
  • Анам мұғалім болған соң ешқайда шықпай үйде кіші балаларға қарайтын едім. Сыныптастарым қыз болсын, ұл болсын іздеп келе қалса менімен бірге су тасып, бала қарап, сосын кететін)))
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145