Күту. Қауышу. Сағыныш.
Күту. Қауышу. Сағыныш.

Әлдекімді, әлденені күту. Тынымсыз қылған бір айлық еңбегіңнің ақысын күту... Көптен көрмеген туысыңды, танысыңды күту... Әлдебір жақсы жаңалықты күту... Еңбегіңе мақтау күту... Адам болған соң әйтеуір бір нәрсені, біреуді күтумен күн өтуде... өмір, ғұмыр жалғасуда солай...
Негізінде кеудесінде Иллаһи нұры бар әр адамның күткені ол - Ұлы Жаратушымен кездесуді күту... Біреу кеш, біреу ерте мойындар оны бірақ... Ал одан бұрынғы пенденің пешенесіне жазылған күтулердің ішінде ең кереметі ол - жүрегіңнің астында лүпілдеп тұрған жүрек иесін күту... Онымен кездесер сәтті тағатсыз күту...

Көптен көрмеген, асыға күткен туысың, танысыңмен қауышу... Жүрегіңді дір еткізген асыл жанмен қауышу... Еңбегіңнің жемісі болған сыйыңмен қауышу, қолыңа алу... Түрі көп бұл сәттің де адам үшін... Алайда бұл жағдайда да адамның түпкі жүрек қалауы ол - өзін жаратқан Иесі, Хақ Тағаласы, Алласымен қауышу... Мұны да біреу ерте,біреу кеш мойындайды... Ал жер басып, пенде боп жүрген шақта ең керемет қауышу ол - өзіңді де, өміріңді де түбегейлі өзгертуге Алла қалауымен "келе жатқан", өсіп жатқан, қабырғаңды тепкілеп жүрген тіршілік иесімен қауышу...

Тірісі бар,қайтқаны бар әйтеуір өміріңе бекер келіп, бекер кетпеген, жалпы өміріңде болған, әлі де бар жандарға деген сағыныш... Есіңнен кетпес естеліктерді есіңе түсіретін жерлерді, орындарды сағыну... Жаныңа жақын жандардың жылы сөздерін сағыну... Ал адамның бірі ерте, бірі кеш мойындайтын ең ұлы сағыныш ол - Ұлы Алласына, Пайғамбарына (с.ғ.с.) деген сағыныш... Оған дейінгі пенделік сағыныш ол - жүрек лүпілін іштей сезетін, тырбаңдауын қолмен, денемен сезінетін, өмірі-ғұмыры көрмеген, сонда да ерекше ықыласпен көргісі келетін жүрек астындағы жүрек иесіне деген сағыныш...

Міне, осы үштаған менің соңғы күндердегі сезімім, жағдайым... Бұл хәл бұрынғы хәлден өзгерек... 
Сағынышпен қауышуды күтудемін...

#анаболубірбақыт

Мақпал СембайМақпал Сембай
9 жыл бұрын 8424
5 пікір
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145