- Ары тұр! Сүйенбе! Баспа аяғымды! Естімейсің бе?! Ары тұр деймін...!!!
Онсыз да жұмысқа асығып бара жатқан қалың жұртпен бірге автобусқа әрең сыйып, тауық секілді бір аяқпен тұрған кезіңде мына кісі де құлақ-миды жеді-ау. Ой, иә! Қайдан біліп қойдыңыз, данышпаным?! Мен өзім қалағаннан, еріккеннен сіздің мойныңызға мініп тұрмын! Сізге сүйеніп тұрған сондай керемет! Осылай тұрған, маған рахат сыйлап тұр! Қаласаңыз, сіз де, өзіңіз айтпақшы, менің "мойныма мініп" алыңыз! Осылай тұрғанның қандай рахат екенін білсеңіз, шіркін!
Жаз кезінде ғой "керемет" иістермен "жұпарланып" түсуші ек автобустан. Қазір күн салқын болған соң, әркімнің өз "жыны" ішінде. Керісінше, еш жерден ұстанбай-ақ, жұп-жұмсақ сырт киімдеріне сүйеніп тұра бересің. Әрине, қалағаннан емес, ұстанатын жерге қолым да, "аяғым да", бойым да жетпейді-ау. Есікпен бірге ашылып, есікпен бірге жабылып тұрғаныңда осылай біреу сөйлесе...сіздерді білмеймін, өзім айтарға сөз табамын-ақ. Бірақ "бір елі ауызға екі елі қақпақ" деп тұра беремін...
Аға, іні, әпке, сіңілі, апай, көкей...мұндайда бәрі де сөзшең болып кетеді. Әлде мені көрген кез келген жан ұрсысқысы келіп тұра ма, білмедім. Өзім де кішкентай емеспін. Дене пішімімді айтамын. Бірақ соншалықты алып емес шығармын. Семіз емеспін. Сүйегім ірі. Иә, білем, сүйегім батып кетер. Бірақ әдейі емес қой. Туыстарым мен түйе деуші еді. Жүрген жеріңді жайпап жүресің деп. Бірақ ол басылған (сияқты еді).
Айтпағым мынау ғой. Соншалықты тап-тұйнақтай, тап-таза, кірпияз болсаңыз, отырмас бұрын ол көліктің АВТОБУС екенін бір қарап алыңызшы, "ұрысқақ жолаушылар". Ондай қатынас көлігінде майланған аяқ киімге "ақысыз өрнектер" салынады, "соншама уақыт" үтіктелген қымбат киіміңізге әртүрлі қырлар түседі, ой, кешіріңіз, "әрең" жасалған шаш үлгіңізді ұмытыппын, шашыңыздың "бұрыс" жерлері "дұрысталады", қысқасы, таңертең "часпик" уақытындағы автобусқа басқа адам болып кіріп, басқа адам болып шығасыз. Соны біле тұра дәл мен "мінетін" автобусқа мінсеңіз, кешіріңіз, онда ақымақсыз.Ал, менімен сапарлас болғыңыз келмесе, жеке көлік жалдаңыз немесе тағысын тағы, әйтеуір жұмысқа жетудің басқа жолын табыңыз... Тек мен мінетін "80 теңгелік аттракционға" "жабыспаңыз", келістік пе? Ал, мінген екенсіз, онда "бейбітшілік" сақталық....
Мұныммен ешкімнің қытығына тиіп, ешкімді ренжітейіндеп тұрғаным жоқ, тек жарты сағаттық сапарымызды қызықсыз әрі "өкінішті" қылмаңызшы, "бұртиған" сапарлас... Рахмет...