Жәй шәй
Жәй шәй

"Енді өзіміз бір жақсылап шәй ішсек"...  Қонақтар кеткен соң әрбір үйде айтылатын сөз... Иә, қонақтар қайтқан соң, қонаққа барып келген соң, өзің-өзің болып отбасыңмен бірге жақсылап шәй ішкің келеді осы, иә? 

Біздің үйде әкем шәйқұмар адам. Оқушы кезде анам бір жаққа кеткенде, не жұмысымен қарбалас болып жатқанда, түнде ұйықтар кезде "ертерек, тезірек" жатып қалайын десең, әкем шәй ішкісі келіп қалатын. Күнде. Шәй дайындап беруге ерінген кезде, "тезірек" жата қалайын десең, "жәй ғана шәйнекті бір қайнатып, "мында" қоя салсаң, өзім құйып іше беремін. Сүт жетеді. Қант болса, бере сал. Құртты қоя салсаң болады... Кәмпит жоқ па екен? Өзім құйып іше беремін"... Иә, сөйтіп бұрқылдап жүріп, дайындап беретінмін. Кейде шын ниетіммен, шын көңіліммен дайындап беретін кездерім де болды. Бірақ ондай сәттер аз еді. 

Ал, анам болса, қашан болса да, қандай күйде болса да, әкеме ас-суын дайындап тұратын. Өзі ішпесе де әкем шәйін ішіп болғанша шәугімінің суып қалмауын қадағалап, "аяғына" дейін" отыратын. Кейде тіпті, бағана айтып кеткендей, түннің бір уағында шәй ішкісі келсе, анам жанында шәугімін "құшақтап" отыратын. Әкем көзде көзілдірік, қолда газет, асықпай баптап ішіп отыра беретін. Кім құйып жатыр, ол қарбалас па, шаршап отыр ма, ауырып отыр ма аса мән бермейтін. Шәйі бітсе, тіпті көз салмастан әйтеуір шәй құйылатын жаққа кесесін ұсынатын да, қарамайтын. Тек газеттің арғы жағынан шәйімен қайтатын кесесін күтіп созылған қолы ғана тұратын. Кейде тіпті анам қалғып отыратын кездер де болатын. Сонда әкеме "Түу, тез-тез ішсеңізші! Мамам ұйықтар отыр ғой!" деп, "ұрсатынмын". "Мен болдым. Жинай беріңдер. Шәйнекті, құртты, қантты қалдыр да, қалғанын жинай бер" деп әкем сасып қалатын.

Анам қайтқан соң, шәй құюды үлкен жеңгем "иемденді". Ол көп шәй ішпейтін. Басын жеңгем бастап, мен аяқтайтынмын. Балалары кіші болған соң, "мен болдым, жинай беріңдер" деп әкем айтқан соң, бала қамымен тұрып кететін жеңгем. Әкем "болдым" деген соң, 3-4 кесе ішетін (кейде одан көп шығар), оның өзін сораптап, қолындағы газетін оқып бітіргенше ішетін. Сондықтан ары қарай мен құятынмын. Анамның жылы өткен соң, екінші ағам үйленді. О! Алақай! Жеңгелі болдым тағы да! Бірақ екі есе қуануға тағы бір себеп бар еді. Үлкен жеңгем екеуміз шексіз қуандық! Екінші жеңгем шәй ішкенді жақсы көреді екен! Сөйтіп, әкеме "аяғына дейін" "шыдап" шәй құю "автоматты" түрде екінші жеңгеме өтті. Қазір ауылға барсаң, өзімізге де, көп қонақ шақырсаң да екінші жеңгем шәйдің басында отырады. Өзіне жарасымды. Асықпай, баппен құяды. Бастысы - ерінбейді, шыдайды. Рахмет, жеңге!

ПыСы: бірақ кейінгі кезде әкеме шәй дайындап беріп, өзім де бірге ішкім келіп жүргенін-ай...  

(сурет өзімдікі) 

Мақпал СембайМақпал Сембай
9 жыл бұрын 4770
6 пікір
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145