Армандар көкке шашылды, Үнсіздікке үн қостым...
Армандар көкке шашылды, Үнсіздікке үн қостым...

Ешкім жалғыз қалмайды,
Тең-теңімен теңесер.
Сана ойды жалмайды,
Ақыл мимен кеңесер.

Бұл жалғанда әрненің,
Сұрауы  бар түбінде.
Шүкір де, тәуба... көрсең, дос,
Мың жамандық күніне.

Жаңбыр текке жаумайды,
Бұлттар бекер көшпейді.
Оттар жайша жанбайды,
Шоқтар бекер өшпейді.

Адамның да туылу,
Себебі бар, мәні бар.
Адал өмір сүргеннің,
Байлығы-иман, сәні-ар.

Балауыздай бір күні,
Өмір жанып, бітеді.
Адамның біткен күні үні,
Жұмақ не тозақ күтеді.

Бес саусақтай бес-ақ күн,
Санауға да жетерлік.
Осы бес тал жалғанда,
Жақсы адам боп өтерлік.

/20.06.2014/

 

***

"Бұйырғаны кетпейді,
Бұйырмаса жетпейді."
Осыны енді ұғындым.
Аллах бәрін реттейді.

Сан сынаққа салса да,
Көңіл мыңнан қалса да.
Иманға жүрек толса екен,
Жанды қашан алса да.

Сүй біреуді, сүймегін.
Бұл өмірде түйгенім.
Болмайды екен түк құны,
Сезім үшін күйгенің.

Ұзақ болды "жорық" тым,
Кешеуілдеп жолықтым.
"Уақыт бәрін айқындар".
Осы айтқаның - жөн. Ұқтым.

/25.06.14/

***

Кірпігіме ілініп нұры күннің,
Жастанып ап ай, жұлдызын қара түннің,
Бір күніме бір күнім жалғасуда,
...Бағы екем бес елі мен де кімнің... 

Самал желге ілесе кеткім келіп,
Арманыма дәл осылай жеткім келіп,
Оңашада мәз болам қиялға еріп,
Маңдайынан сүйіктімнің өбкім келіп...

Өбкім келіп, жанымның бір бөлшегін,
Бақытты Оның күлкісімен өлшедім,
Құшағында тұншығып қалғым келіп,
Қалғым келіп, жанында "Күн Көсемнің"...

Жанарымнан сынып түсіп мөлдір мұң,
Көңіл-тұлпар... жүрегіме желдірдім,
Түлкі-өмір салып неше сынаққа,
Талай уәде бақ жолында өлді мың...

Пешенеңе,
Пешенеме жазылғаны бір-ақ бақ,
Әр пендеге бұйырғаны бір-ақ тақ.
Лайық болсаң, жан кеудеден шыққанда,
Өткізеді жұмаққа Алла сұраққа ап...
Баяғы қу үміт...
/28.08.14/

***

Көзіме өзім көрініп,
Өзімнен өзім жерініп.
Кеудемде жүрек бұлқынад(ы),
"Шықсам" деп сыртқа, тебініп.

Түн кетті, әні, маужырай,
Шығарып салып жас Айды.
Жұлдыздар тұр тапжылмай,
Оларды таңым "асайды"...

Жастанып алып шашымды,
Барамын қалғып, түн-Досым...
Армандар көкке шашылды,
Үнсіздікке үн қостым...

Кірпіктер қалса айқасып,
Оятып ойым алуда.
Дейді ойым: "Арман ояуда,
Болмайды ұйықтап қалуға..."

Әрнәрсені бір шалып,
Жатырм(ын) енді қиялдап...
Бәрі жақсы болар деп,
Жүректі жүрмін жиі алдап...

***

Олар маған ұнайды,
Төрт тал гүл.
Бір және үш - тақ,
Енді оларсыз қалса да бақ,
Түстері болмаса да ақ,
Туса да "өлер" сол шақ.
Олар маған ұнайды...

Маған сыйланбаса да,
Маған сыйланғандай,
Көз-көңіл жиі алданса да,
Өздерінің өлетініне,
Төрт тал гүл иланбаса да,
Олардың топырағына,
Енді су құя алмасам да,
Ең соңғы күндеріне дейін,
Сүйсінемін, 
қарап... отырамын да.

Үш бірге, біреу жалғыз,
Үйлесім таппаса да,
Жат көзге жақпаса да,
Оларға бүгіннен соң,
Ертең таң атпаса да,
Дәл қазір бірге олар.
(Дәл қазір менде олар.)
Жерде өсіп тұрғанда да,
Әдемі ед(і), "шаппаса да",
Тым көркем гүлдер еді,
"Әшекей" тақпаса да...
Алайда, адам біткен,
Ұрлауға құштар әркез,
Гүлдердің "сұлулығын",
Өзгені қуантам деп,
Өлтіріп тынатынын,
Қаудыр бас ұқпаса да...
Ұнайды олар маған,
Үш бірге, біреу жалғыз,
Үйлесім таппаса да...

Үшеуге бірді қостым,
Өмірде бәрі де жұп,
"Жұптарға" қонады құт,
(Жұбыңды тауып ал да,
Өмірден, сен де, дос, ұт)
Болса да әлемде жұт,
Адамдар гүл жемейді...
Жаны шын ашығанда,
Сорлы адам не демейді...
Ғұмыры бұл гүлдердің,
Біткенін көретін жан,
Болсам да... қалаусыз - мен,
Иісіне қанығып сәт,
Тұрсам да, бармайды дәт,
Оларды солған күні,
Қоқыстың жәшігіне,
Апарып тастар түні,
Естілер еміс-еміс,
Төрт гүлдің... соңғы... үні...

Ұнайды маған олар...
Төрт тал гүл.

/сурет жеке мұрағаттан, төрт тал гүл/

 

 

Мақпал СембайМақпал Сембай
9 жыл бұрын 3470
2 пікір
  • Ешкім жалғыз қалмайды,
    Тең-теңімен теңесер.
    Сана ойды жалмайды,
    Ақыл мимен кеңесер.
    9 жыл бұрын
  • Өбкім келіп, жанымның бір бөлшегін,
    Бақытты Оның күлкісімен өлшедім,
    Құшағында тұншығып қалғым келіп,
    Қалғым келіп, жанында "Күн Көсемнің"...

    Жанарымнан сынып түсіп мөлдір мұң,
    Көңіл-тұлпар... жүрегіме желдірдім,
    Түлкі-өмір салып неше сынаққа,
    Талай уәде бақ жолында өлді мың...
    9 жыл бұрын
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145