Тағдыр да бір өзі қызық қой...
Тағдыр да бір өзі қызық қой...

Құлағанда қорғаның, тас қамалың,
Еңірейсің, табылмай басқа амалың.
Сені ешкім де ұқпайды дәл өзіңдей...
Тұнжырайды тек қана қас-қабағың.

Құлағанда тауынан көңіл, шіркін,
Тең келеді теңеуге "өмір-бір күн".
Тыпыршиды кеудеңде жүрек сыймай,
Өксік келіп тамаққа дүркін-дүркін.

Құлағанда сезімің жардан құзға,
Ақыл айтар: "уақыттан бұрын озба...".
Бірер сәт өкінішпен ойлайсың сен,
Жылау ғана жазған ба сонда қызға...

Құлағанда достығың мінбесінен,
Ақымақ -сен... бәрін де кеш түсінген.
Аһ ұрасың оңаша ойға алып:
"Арам доспен қаншама күн кешіп ем?"

Құлағанда жанардан тамшы жасың,
(Жүрегіңді көз жастан аршып алсын...)
Жылатумен жұбатып алар сені -
Салмағы ауыр теңізден тамшы жастың...

***

Біреу келіп өмірдің бекетіне,
Енді бірі аттанды сапарына.
Бәріне орын бұл жерде жетеді де,
Жолаушының толтырар қатарын да.

"Шыр" еткен үн бұзып, жарып әлемді,
Келді бірі бекетіне өмірдің.
Бақытына жеткен шығар, ә, енді?
Кілтін тауып жас жұбайлар көңілдің.

Шығарып сап бауырын інісі тұр,
Інісі, енді сен жалғыз қаласың-ау.
Тыным тапқан емес-ау жүрісі бір,
Кетер Ана күтіп тұр баласын-ау.

Туылмаған, шарана шақалағын,
Жіберді ана, жүрегін қинай-қинай.
Көз жасына малынып сақалы тым,
Ақсақал тұр кемпірін қимай-қимай.

Өзінен сәл ертерек билет алған,
Сүйгенімен бір көлікке сия алмай тұр.
Өн бойын тек қайғы-мұң билеп алған,
Әкесі де баласын қия алмай тұр.

Күтіп алу, содан соң қош айтысу-
өмір заңы, тағдырдың ережесі.
Оңай болар дейсің-ау қайсы тұсы,
Өмірдің де биік емес дәрежесі.

Бес-ақ күнге өлшенген сынап-өмір,
Көзіңді ашып, жұмғанша өтер, кетер.
Бес парызға бекінген сынақ-өмір,
Сыннан өтіп, арманына кімдер жетер...?

Жаңа бірі өмірге келіп еді,
Өзге бірі аттанды сапарына...
11.08.2014 

***

"Үп" етті үміттің желі тағы,
Тұсымнан...
Айырылып қалды сезім бағы,
Құсынан.
Ұсынам...
Ғаламға мендегі барымды,
Арымды...
Тарылды
кең дүние де.
Жүрегім
Бағынды,
Тағдырға маңдайда жазылған,
Сағынды,
Сезімнен өрекпіп толқитын сәттерді,
(Біреудің жанары - жүректің қабірі қазылған)
Мендік,
Жауапсыз сезімді-кептерді,
Ұшырып алған ол өткенді, кеткенді...
Сендік,
Жүрекпен... әдемі сөздерге сендік...
Бойлық пен ендік,
Таршылық еткенде,
нәп-нәзік, мөп-мөлдір сезімге.
Ол менің аңқау да, тым сенгіш кезім бе,
бағынып жүретін төзімге,
өзіме...
Ұрынып,
дауылға тыстағы, абайсыз,
Содан соң,
бұғынып,
жапырақ жамылып,
жылынып,
Тірі жан біткеннен суынып,
Атады күндерім арайсыз...
(Жаз күнде жаураған жанымды,
...түсінер, кім ұғып...?)
Ал Сіз,
Өзгенің, мен емес,
Өзгенің шаштарын тарайсыз,
Мен жаққа үмітпен қарайсыз,
Жүректі екіге бөле алмай,
Не мендік жүрегім сіздікін,
Құп көріп,
қабыл да ала алмай.
Өзгенің өкпесін жазумен,
Өтесіз,
кетесіз...
Ал, оның ойы да, қалауы -
басқада.
(Ақиқат, әрине, тек аян Аллаға).
Білмеймін, бақытқа осылай жетпейсіз,
Жетесіз.
Бұрылмай бір тамшы жасқа да...
Бір күні
мен Сізсіз бақытты боп кетсем,
Сонда Сіз санамнан,
ойымнан,
жүректен,
болмыстан біржола кетесіз...(!)
Беу, менің Бақытты бақсызым,
Айтыңыз, Сіз сонда не етесіз?
Тағдыр да бір өзі қызық қой...
...
Жә, менің хәлім де маңызды емес-ау,
Сіз өзі,
Сіз өзі, Сәтсізбек,
Өзіңіз таңдаған,
Күлкім жоқ,
иісім сезілмес,
демім де естілмес.
Дұғам да айтылмас,
алақан жайылып.
Тым ұзақ қарайтын жанарым көз ілмес,
жүрегім жүрекке үн қатып,
тереңге сезімнің бір батып,
ең алғаш көрісіп тұрғандай,
ұялып,
Мен жақсы көретін әдемі,
гүлді алып,
келетін сәттерсіз,
Қоштасып, қия алмай,
қайтадан айналып, жолығып,
қолыңыз қолыма "соғылып"...
Алматы көшесі - әлемнің даласы сияқты,
аспаннан жұлдыздар жауғандай,
бұл түннің назары тек бізге ауғандай,
екі жас білетін ұятты,
жерді тек өздері мекендеп,
тұратын сияқты,
аяқты тым алшаң басатын,
екеудің арманы тауларды асатын,
мұң біткен бұл маңнан қашатын,
ертеңгі күндерден жақсылық тосатын,
бірінің әніне бірі жыр қосатын,
жәй ғана көп жанның бірі боп,
бірі үшін біріне болашақ есігін ашатын...
сәттердің бірі де жоқ енді!
Еһ, менің алдамшы Арманым,
Бәрі бар, тек мен жоқ,
Өңірде, өмірде қалайсыз?...

05.09.2014 

/сурет жеке мұрағаттан/

 
Мақпал СембайМақпал Сембай
9 лет назад 5011
0 комментариев
О блоге
0
56583 278 295 205 145
Прямой эфир