Сенемін...
Сенемін...

Бас сауғалап қашқым келсе ешқайда,
Айдалаға тұрады ауып аңсарым.
Бірін-бірі тыңдамайды ел, ес қайда?
Түсінісер жан таба алмай, шаршадым.

Бәрі бөтен, бәрі де жат мен үшін,
Топ ішінде жалғыздықты сезінем.
Мені де, арман, үміт, мұңым, сен түсін,
Сан сынаққа шыдап едім, төзіп ем.

Ей, өмірдің өткелдері, өтінем,
Мені де арғы жағалауға өткізші?
Армандарым орындалып шетінен,
Бақытыма, аңсарыма жеткізші?

Тағдыр үзік моншақ болып жанардан,
Үзіледі, желге сіңіп, жоғалып.
Туып жатыр, өліп жатыр сан арман,
Жүрек бірде жараланып, оңалып.

Топ қайыңның ішіндегі бірімін,
Тамыр-кіндік жерге матап, байланған.
Мен әзірге, иә, әлі де тірімін,
Тынықтырар екен мені қайда арман.

Солқ-солқ жылап, жел құрғатып жасымды,
Басым сүйеп отырамын өзіме.
Мың шарлайды сан түрлі арман басымды,
Қадам қалды бақыт құшар кезіме.
Сенемін....
...
/09.08.14/

***

Сезімді сезіне алатын,
Кең жайып қос бірдей қанатын.
Кей кезде мына қос жанардан,
Тамшы боп мөп-мөлдір таматын.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Ашуға булығып кей кейде,
Түсетін әлдебір жай күйге.
Қанжылап тұрса да, білдірмей,
Егіліп жылайтын тек үйде.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Өзгені сыйдырып өзіне,
Шақырар сабырға, төзімге.
Өзінің бар шамын тәрк етіп,
Нұр сыйлар өзгенің көзіне.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Ренжітіп алса да өзгелер,
Қатардан емес ол "көзге ілер".
"Реніш жоқ ешқашан, ешкімге"-
деп, әркез ақылға сөз берер.
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...

Жүзіме сыйлаған тек нұрын,
Ұғындым жүректің мен құнын.
Бар байлық бір түйір етте екен,
Қалайша сезбегем мен бұрын...(?).
Жүрегіме ғашықпын өзімнің...
/29.01.14/

***

Кесірленген кей асқа кезді кешір,
Арнасынан асып айтқан сөзді кешір,
Иманымды кешірек сездім, кешір,
Жақсылықты көрмеген көзді кешір,
Кешір, Аллам.

Сыйланбастан ескірген сыйды кешір,
Жаман әдет бойыма жидым, кешір,
Істете алмай жүрген бұл миды кешір,
Арнама әкеп арамдық құйдым, кешір,
Кешір, Аллам.

Пайдасы жоқ ілімді бақтым, кешір,
Сүрінгенде, тұра алмай, жаттым, кешір,
Тым көп сөйлеп, сынаптай ақтым, кешіп
Қанағатсыз көз жасқа баттым кешір,
Кешір, Аллам.

Орынсыз, әр нәрсеге күлдім, кешір,
Берекесіз талай жыл сүрдім, кешір,
Қан шықпайтын бетімді тілдім, кешір,
Жақсы адам бола алмай жүрмін, кешір,
Кешір, Аллам.

Жүрегімде үнемі күзбін, кешір,
Ата-ана үмітін үздім, кешір,
Бетпердесі беймәлім қызбын, кешір,
Өзенінде өтіріктің жүздім, кешір,
Кешір, Аллам.

Сан сүріндім мен жалған-тасқа, кешір,
Сын сағатта болмай дос досқа, кешір,
Бола алмадым жақсы адам басқа, кешір,
Сүріп жүрмін өмірді босқа, кешір,
Кешір, Аллам.

Мұңсыз Алла! Мәңгі Тірі! Жаратушым!
Алпыс екі тамырға Нұр Таратушым!
Құлшылықпен тіршілік қылам анық,
Кеткенше өнімнен бой, қайрат, күшім...

Бәрін, барын Кешіруші, Хақ Тағалам!
Құзырыңда, Әміріңде барлық ғалам!
Мені де кешіре көр... Үміт етем...
Бар ұрамын, бас иемін тек бір Саған!
Кешірші, кешіре көр Хақ Тағалам...
/04.08.14/

***

Бейнесі сағым боп алдайды,
Естіліп құлаққа назды үні.
Иісі соңымнан қалмайды,
Дегенмен,
"Бәйшешек өспейді жаз күні".

Ақ жүзін сипайын дегендей,
Қолымды созамын алдыға.
Бір сезім. Жаныма ол келгендей,
Дегенмен,
"Екі екі тең емес алтыға".

Барғанда ауылға қуанып,
Алдымнан жүгіріп шығардай.
Жетемін асығып, гүл алып,
Дегенмен,
"Еш қайың болмайды шынардай".

Сағынам құрт-майын, тамағын,
Қазіргім ас емес, балдырдай.
Мен енді кімнен ық табамын,
Дегенмен,
Неге Анам мені ерте қалдырды-ай...

Мыңы өлді, ал, мыңы гүл атты,
Анасы жоқ жандар тым кем бе?
Иә, Аллам, нәсіп ет жұмақты,
Дегенмен,
Үмітсіз болмайды бір пенде...
/04.08.14/

Мақпал СембайМақпал Сембай
10 лет назад 4895
8 комментариев
О блоге
0
56583 278 295 205 145