Ояну
Ояну

Телефонның ба, есіктің бе қоңырау үні, әлде біреу жылап жатыр ма, әйтеуір түсініксіз үн құлақ етін жеп барады. «Түф, мына бір шырылды өшіретін адам бар ма өзі? Неткен ащы үн еді». Ұйқысын әлі де қимай жатқанын қызғанғандай болып, «тұр-тұрлап» жатқан осы бір үн ақыры Саламаттың ұйқысын бұзды. Ерініп, көздерін әрең ашқан ол қаптап жүрген бөтен адамдарды және өзінің қаладағы емес, үш жыл ат басын бұрмай кеткен ауылындағы үйінде жатқанын көрді. Әдетте төсекте дөңбекшіп, әрең тұратын Саламат лезде есін жиып, атып тұрды. «О, тоба, бірнәрсе болып қалған ба? Үйдегілер мені неге оятпаған? Кімдер бұлар? Бәрі аман ба? Айкен! Мақсұт! Тоғжан! Шыңғыс! Қайдасыңдар?!» Жанұшыра орнынан атып тұрып, әйелін, балаларын іздей бастады. Ешнәрсені ұғар емес. Апыл-ғұпыл киініп, бөтен адамдар арасынан отбасы мүшелерін іздей бастады. Әйелін, балаларын сұраса, ешкім жауап берер емес. Жалма-жан асбөлмеге жүгірді! Ол жерде де бөтен әйелдер жүр. Бәрі де орамал тағып алып, ас қамына кірісіп кеткен. Бірнәрсенің болғанын жүрегі сезіп тұр. Сүріне жығыла басқа бөлмеге ұмтылды. Кірген бетте үш балапанын көзі шалып, амандықтарын көріп, қуанып кетті. Қуаныштан құшағын ала жүгірді. «Балапандарым сол! Мен сендерді таппай қалдым ғой! Барлық бөлмені шарлап шықтым. Аналарың қайда? Біз мұнда қашан келгенбіз?» - деп, балаларын құшағына алып, сұрастыра бастап еді, жүрегі біртүрлі зырқ ете қалды. Балалары жылап отыр. Иә, мектепке баратын үлкен екеуі еңіреп отыр. Үлкендері жылаған соң, түк ұқпаған кішісі де жылап отыр. Саламаттың жүрегі шаншып кетті. Сөйлеп жатыр, сөйлеп жатыр, ал бұлар естір емес мұны. «Құдайым-ау, бұларға не болған өзі? Мені тыңдай ма, жоқ па? Мақсұт, анаң қайда? Тоғжан, неге жылап отырсың?» Ләм-мим жауап жоқ. Бір кезде сыртқы есіктен бір топ адамның дауыс шығарып, жылап келе жатқанын естігенде, біреу жүрегіне суық қанжар сұғып алғандай болды. «Жоқ! Жо-жоқ! О, Тәңірім, тек Айкен емес! Айкен! Жаным, қайдасың?! Айкен-оу!». Қорқыныш бойын билеп, іштей күбірлей жөнелді. Көзіне іркілген жас мөлт етіп қолына тамғанда, сәл есін жиып, орнынан атып тұрып, жан-жарын іздей бастады. Жаңағы келгендердің басқа бөлмеге өткенін көріп, іле-шала арттарынан жүгірді! «Айкеееееен!» Ол бөлмеге қадам аттағаны сол еді, көрген көріністен бір орында қатты да қалды. Өз көзіне өзі сенер емес! «Мүмкін емес! Жоқ! Қалайша?! Мүмкін емес...» Неше түрлі ойдан миы шайқалып, жүрегі солып, көзі қарауытып барады. Шындық шыңыраудан шыңғырып жіберді! Ащы үн құлақтан кіріп, жүректен бір-ақ шықты! Осында жүрген жандардың барлығы да «Балам-ау! Бауырым! Жалғызым-оу! Ағатай! Інішек! Әкесі-оу!» деп, көз жастары көл болып отыр. Соншама шудың, жоқтаулардың ішінен жары Айкеннің «Жаным-ау! Саламатым-оу! Бізді кімге қалдырдың!? Балапандарыңды кімге аманаттадың...» деген жан айқайы құлағына біздей қадалып, жүрегін оттай қарып барады. Арлы-берлі өтіп жатқандар мұны елер емес. Бөтен жандар арасынан өзіне таныс бейнелерді де көре бастады. Әйелінің жанында әжім басқан ажары бір күнде он жылға қартайып кеткен, көз жасы көл болып, жанары суалуға шақ қалған анасы екенін бірден таныды. Одан әрмен әпкелері, қарындастары, туысқан әйел адамдар, тағысын тағы. Жағдайға қанық болып, өзінің дәрменсіз тек рух екенін, бәрінің де кеш болғанын ұққан, өңі бозарып, қол аяғы суып, жанары солып, сүйретілген елеске айналған Саламаттың аяқтары оны ішкі бөлмеге қарай тартты. Есікке жеткенде, анау төрде шымылдықтың астында жатқан ақ кебінге оранған суық дененің өзінікі екенін сезді. Сезді де, жанары еденге қадалған күйде қатты да қалды. Сүйретіліп, тысқа шықты. Самайын қырау басқан ақ шашты қарияның кеше ғана қап-қара шашты әкесі, қатарласа жоқтау айтып тұрған бауырлары, достары екенін таныды. Үйге келушілердің аяқ алысы басылар емес. Жас өлімге келіп жатыр, келіп жатыр... Неше түрлі жоқтаулардың керуенінің бітер түрі жоқ.

«Бәрі де кеш. Бәрі де кеш. Бәрі де кеш.» Осы бір тіркестен басқа ештеңе миына келер емес. Бір-ақ секундта бар өмірі көз алдынан кино пленкасындай зу ете қалды. Мектепке барғаны, ата анасының, әпкелерінің еркелеткендері, мектепті бітіруі, студенттік шақ, алғашқы махаббаты, достары, думанды кештер, жұмысқа тұруы, бауырларының тойлары, жиенді болуы, сүйіктісімен қыдырғаны, әкесінің «үйдің жалғыз ұлы» деп дүркіретін өткізіп берген тойы, балапандарының; Мақсұтының, Тоғжанының, Шыңғысының туылуы, шілдехана, балапандарының қылықтары, мектепке барған сәттері, тағысын тағы отыз бес жыл өмірінің тек жақсы жақтары ақ қанат кептердей ұша берді, көз алдынан, ұша берді... Неткен жақсы өмір еді. Нендей ғажап күндер өтті. Тоқта! Қараң-құраң еткен... қарғалар... Бұл... Иә, бұл жақсымен қатар, жаман адам да болған. Бала кездегі бұзықтықтары, көршінің бақшасын бүлдіргені, достарын ұрғаны, ата-анасын, әпкелерін, қарындастарын ренжіткені, студенттік кездегі жаман істері, қыздарды ренжіткені, ішкені, шеккені, ауылына өле мас болып барып, әкесіне қарсыласамын деп, алғаш рет анасына қолы тиіп, денесін көгерткені, анасының ауруханаға түсуі, әкесінің бұған деген қара қазандай өкпесі, достарының тойында тағы да сол арақ үшін қырғын салып, бала-бақшадан бірге өскен досын ұрып, жыққаны, мас болып келіп әйелін ұрғаны, балаларының қорыққаннан шыққан шыңғырған дауыстары, арақ үшін жұмыстан қуылғаны, бір айдай отбасын аш қалдырғаны, әйелі екеуінің бар жиған-тергенін картаға тігіп, ұтқызғаны, ораза екеніне қарамастан достарымен қосылып сыра ішіп, карта ойнағаны, мешіт үйдің жанында болса да, азанды бес уақыт естісе де, бір рет Алла үйіне бас сұқпағаны, садақаны ұмытқаны, тәубасына келмегені, «ішпе, карта ойнама, садақа берсеңші, қойсаңшы» дегендерді тыңдамағаны...бәрі-бәрі тізіліп көз алдынан өтіп жатыр, өтіп жатыр, бітер емес. Неткен көп еді қара қарғалар... Ойбай-ай, бұл өзі қандай адам болған. «О, тоба, мен қандай өмір сүргенмін! Мен кім болғанмын? Жаңағы ақ кептерлер қайда? Жаңағы бақытты сәттер қайда? Қайда? Менің осындай жаман адам болып, қылған арсыз қылықтарыма шыдап, мені әлі де қабылдап келген әкетайы-ау, жан анам, Айкенім, әпкелерін, балапандарым, достарым... О, Тәңірім, барлығы осында жүр ғой! Барлығы да еңіреп жылап жатыр ғой! Барлығы мені жоқтап жатыр! О, сорлы басым, мен неткен сорлы адам болғанмын! Неткен берекесіз, қадірсіз жан болғанмын! Бар бағымды, бақытымды ұқпаған, сыйламаған қандай ақымақ болғанмын! Енді бәрі де кеш! Кеш... Ешбірінен кешірім сұрап, ешбірін бақытты ете алмаймын! Ешбіріне рахметімді айтып, құшақтай алмаймын! Ешбіріне көмектесе алмаймын! Қауқарсызбын! Енді қолымнан түк те келмейді! Ендігі бәрінің есінде мәңгі қалары тек - ренжіткен сәттерім мен орынсыз қылықтары мен менменшіл, өзімшіл Саламаттың бейнесі. Бәрі де кеш! Тым кеш! Құдайым-ау, мен мұның, осы бір сұм ажалдың тым тез келерін сездім бе, білдім бе, ұқтым ба?! Өлім маған жетпестей, қалай жүре бергенмін? Күндегі тірлік еш бітпестей, қалайша қамсыз тірлік қылғанмын? Қалайша? Неге ғана Аллаға жақын болмадым? О, Құдайым-ау, қап-қара қабіріме салған кезде, жанымда осында жылап отырғандардың бірі де, соншама қарызданып алған көлігім, үйім, киімдерім де, атағым, мақтауларым ешнәрсе де бірге бармайды-ау! Қара түнек қабірімде осының бірі де жанымда болмайды-ау, болмайды! О, Алла, намаз, ораза, садақа, зекет, ізгі амалдар, сауапты істер, мешітке барған сәттерім... менде жоқ қой! Жоқ қой мұның бірі де! Түбі осындай боларын білген Айкенімнің тілін неге алмадым? Неге ғана онымен бірге ораза тұтып, намазға тұрып, мешітке бармадым. Неге? Не жын басқан мені? Қалайша мен сол бақыттан тысқары өмір кешкенмін? Қалайша? Ендігі жайым, күйім не болмақ? Алла алдында қандай есеп бермекпін? Немді айтып мақтанам? Қайсы амалым, қайсы құлшылығым мені қабірімде қорғайды? Қайсысы қара түнекке жарық береді? О, сорлы дүние, өзіңе сонша еліткенің-ай! О, сорлы ақша, соңынан салпаңдатып, буыңа мас қылғаның-ай! О, сорлы басым, иманыңды жиып қойып, қалайша ғұмыр кешкенсің? Неге мұнша ақымақ болғанмын? Бәрі бітпестей, мәңгі ғұмыр кешердей өткен күндерім-ай! Бір түртіп алар Аллаға ұнаған құлшылығы жоқ, Жаратушысына айтқан салауаты, рахметі, мадағы жоқ мәнсіз өткен отыз бес жыл ғұмыр-ай, сен мұнша қысқа ма едің?! Сен мұнша аз-ақ па едің?! О, сорлы отыз бес жыл, сен осынша құнсыз ба едің?! Ендігі халім... Ендігі күйім... Ендігі жайым... Бәрі де кеш... Бәрі де бітті...»

Құлағы шыңылдап, өн бойынан әл кетіп, үрей мен қорқыныш бойын билей, көздері қарауыта жұмылып, жерге жығылып, бар дыбыс, дауыс атаулы ұшар шыңнан естілгендей жоғалып барады... жоғалып барады... Тек бір әдемі әуен ғана жақыннан естіліп, құлақ құрышын қандыра, жүрекке жол тартты. Неткен әсем үн! Неткен жанға жағымды еді! Неткен ғажап әуен! Айкені таң қалғанда, қуанғанда үнемі «Сүбхан Алла» дейтінін естуші еді. Жаңағы әуеннің кереметтігіне таңданған Саламат қалай «Сүбхан Алла» дегенін білмей қалды. «Сүбхан Алла...»

Дем жетпей, алқынып, терге малынып, денесін қозғалта алмай, үні шықпай, тұтығып жатқан Саламат өз күбірінен және жаңағы ерекше әуеннен оянып кетіп, көзін ашып қалды. Өзін оятқан әсем әуеннің азан екенін, жаңағы көргенінің бәріні түс екенін бірден ұғып, орнынан атып тұрды да, балконға жүгірді! Жаны қиналып терлеген Саламат малмандай су болып, қол-аяғы дірілдеп, өн бойынан әл кеткен. Тіпті азып, қартайып кеткендей сезінді өзін. Таң намазын оқуға оянған Айкен таңғы азанды сүйсіне тыңдап, Жаратқанға сансыз мадақ айтып, тағы бір мүмкіндіктің, уақыттың берілгеніне, тәубасына келгеніне шүкіршілік айтып, көз жасы көл болып жылап тұрған Саламатты көріп, таңдана: «Саламат, саған не болды? Бәрі дұрыс па?» - деп, жанына жақындады. Жылай-жылай көздері ісіп, қызарып кеткен, әлгі түстің қорқынышынан арыла алмай, қалш-қалш етіп тұрған Саламат Айкеннің қос қолын қысып ұстап: «Аллахым, кешірші? Айкенім, кешірші? Құлшылығымды түзеуге көмектесші...» - деді жыламсырай. Жаратқанның   жарына тағы бір мүмкіндік бергенін көрген Айкеннің көзінен қуаныштың бір тамшы жасы үзіліп түсті...

 

Мақпал СембайМақпал Сембай
10 лет назад 4256
0 комментариев
О блоге
0
56583 278 295 205 145