Неге құштармыз жалған өмірге...
Неге құштармыз жалған өмірге...

О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... (?)

Мәз болып тұрып, орынсыз кейде жылай салуым – тым оңай,
Түседі сонда есіме енді келмеске кеткен сан жағдай.
Көңілім босап, құлазып жөнсіз, түсемін күйге бір бейжай,

О, тоба, неге, неліктен осы болды екем, сірә, мен мұндай...(?).

Еңіреп, етек көз жасқа толып, күле салуым – тым оңай,
Жылауды білмей, жүрген бір күліп, боламын жандай тек ұдай. 
«Бәрі де жақсы», - дей салам жанға халімді келген, жөн сұрай,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... (?).

Теп-тегіс жерде тіп-тік тұрып-ақ, құлай салуым - тым оңай,
Құмға да кейде шалынып қалып, жатамын жерде тұра алмай.
Түймедей нәрсе түйедей болып, көрініп кетер дөң таудай,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... (?).

Жігерленіп ап, күшіме мініп, батыр болуым – тым оңай,
Толқындай тасып, тауды да асып, соғамын кейде құйындай.
Кейпіне еніп кетемін сонда «көтерген тауды Толағай»,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... (?).

Күнәмді ойлап, өлгім келуі кей кезде осы – тым оңай,
Қателік болып көрінед(і) менің жүргенім жерде дәл бұлай.
Адасқан құлға жар бола көр деп тілеймін сонда, о, Құдай.
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... (?).

Қанағат тұтып барымды, өмір сүргім келуім – тым оңай,
Қалсам да мейлі құз-жардан, таудан, әлдебір шыңнан сәл құлай.
Өмірге ғашық болам да қалам, жүрсем де кейде тек жылай,
О, тоба, неге, неліктен осы, болды екем, сірә, мен мұндай... (?).

Кетермін ұшып мекенге өзге бір секунд мұнда мен қалмай,
Сұрама сонда жаныма келіп, «қалайша, неге, деп... бұлай?».
Маңдайға бақыт жазылған болса, бұйырса түйір бақ маған...
Бақытсыз болып жүрем де бір күн бақытты болам... тым оңай,

***

Бейнеңді күнде әрлейсің,
Тұрып ап айна алдына.
Жаныңды күнде жерлейсің,
Жат сөзден жақ талды да.

Сыртыңды жөндеп әлексің,
Ал, ішің бықсып жатады.
Рухани жөндеп тұрмасаң,
Тас болып жүрек қатады.

Жақсы сөз сөйлей білмесең,
Үндемей жүргін, мылқау бол.
Жақсының сөзін ілмесең,
"Білмеймін" деуің-сылтау ол.

Өзгені сыйлай алмасаң,
Өзің де сыйды күтпегін.
Қайғыда доспен қалмасаң,
Қуанышта маңнан өтпегін.

Сүйемін деуің бос әлек,
Дәлелсіз болса сөздерің.
Ісің жат, сөзің болса ерек,
Куәгер болмас көздерің.

Сезімсіз ойнап, күлмейсің,
Сезімсіз жалғыз жүрмейсің,
Сезімсіз тірлік білмейсің,
Сезімсіз өмір сүрмейсің...

***

Бұл қала менсіз, сенсіз жыламайды,
Менен де, сенен де ақы сұрамайды.
Топырақ жастанғанда, бізді ойлап,
Бір жапырақ ағаштан құламайды.

Бұл қала бізді іздеп, сабылмайды,
Бар адамды бар күйде қабылдайды.
Алайда, бұл қаладай қала бізге,
Білесің, табылмайды,
табылмайды.

Бұл қала кездестірді, ажыратты,
Жинап алды, қаласа, шашыратты.
Панасы болды басып бауырына,
Кеткен кезде адамның қажып бәрі.

Бұл қала сені маған ғашық етті,
Көруге, кездесуге асық етті...
Келуші, кетушіге шек қойылмай,
Кез келгенге есігі ашық еді.

Бұл қала санамызды алды арбап,
Бір парасын қойғандай бізге арнап.
Кім-кімді де қарсы алар құшақ жая,
Жатпайды ешкімді де таңдап, талғап.

Бұл қала ұқсамайды басқасына...(!)
Қойылар осы жерде тас басыңа...
Барыңды бар деп, "бір" деп білу керек,
Қайдан болсын бір қала бас-басыңа.

***

Мәңгілік тұрақ- жер шары емес,
Біреулер келер, біреулер кетер.
Әр адам "ажал құшпаймын" демес,
Қас-қағым сәттей бес күн де өтер.

Біз жүрген жалған кірпік қаққанша,
Таң, кеш арасы екі елі.
Вк, Фб емес адамның, шіркін,
"Кәлима" болса соңғы демі.

Кеше бар адам бүгін жоқ болды,
Иманға келіп үлгерді ме екен...
Ажал жастарды жалмаған сайын,
Өмірден мынау аламын секем...

Қамсыз ұйықтап, ертең тұрардай,
Сенімді күйде күн кешіп жүрміз.
Кәрілік бізді қарсы алардай,
Бейқам жандардың біз де біріміз.

Кірпіктер қалған сәтте айқасып,
Кетеміз бірер сәтке өлімге.
"Түбі бір-ажал" екені аян,
Неге құштармыз жалған өмірге...

Білмеймін, ертең бармын бар, жоқпын.
Дәл қазір, шүкір, кеудеде жан бар.
Бес парыз қылсақ, бауырым, достым,
Жұмақтан, шіркін, мекен табылар.

/сурет жеке мұрағаттан/

 

 

Мақпал СембайМақпал Сембай
10 лет назад 4160
1 комментарий
О блоге
0
56583 278 295 205 145