Жүгірдім-жүгірдім... Асықтым! Талпындым! Тырыстым! Білмеймін, қайда жүгіріп, қайда асығып бара жатқанымды... қандай нәтижеге жеткенімді...жететінімді...бірақ өмірі асығыс жүретінмін...не нәрсеге қатысты болса да...
Таңертең ерте тұра алмасам да, ерте тұруым керек сияқты көрінетін. Ерте тұрамын деп қоңырауды ерте қойсам да, тұра алмайтынмын. Керісінше, не ұйқы жоқ, не тұрмаймын...ақырында, демалмай, басым ауырып, шаршап оянатынмын.
Жұмыстарымды да тез-тез бітіріп, басқа істерге, өзіме, жан дүниеме үңілуге, достарыма, туыстарыма көбірек уақыт қалдырғым келіп тырысатынмын. Сөйтіп, әр жұмыстың басын бір шалып, не бітірген іс жоқ, не бос уақыт жоқ...нәтижесінде, тек аяқсыз, ертеңге қалған жұмыстар ғана қалатын.
Құрбыларым, достарым, туыстарыма көп көңіл бөліп, бәрімен араласып, бәрімен кездескім келетін. Әрқайсысына бір кездесу ұйымдастырып, туыстарымның үйіне барамын деп айтатынмын...бір ай бұрын...ақырында, не құрбыларыма уақыт таппай, не туыстарыма бара алмай шарқ ұрып жүретінмін.
Күнде таңертең «бүгін жақсы адам боламын, ешкімге ренжімеймін, ренжітпеймін, ұрсысқысы келсе де ешкіммен ұрсыспаймын, әрнәрсені өз уақытында істеймін, барлық адамдармен жақсы қарым-қатынас жасаймын, «әйбат» қыз боламын» деп ойлайтынмын...ақыр соңында, таңертең күліп шыққан мына мен кешқұрым шаршап, «нервім» ауырып, кірпіктерім төмен қадалып, қалың қастарым тұнжырап, аяқ-қолды сүйреп үйге әрең жететінмін. Егер барлық адам үйден жақсы көңіл-күймен шығып, тек шуақ шашамын, тек жақсы мінезімді көрсетіп, тек жақсы қарым-қатынас жасаймын деп шықса, онда жоғарыда айтқандарым орындалар еді деп ойлайтынмын.
Білмеймін, дәл қазіргі өмірімді қай жағынан алып қарасам да, тек асығыс, жанталас, қарбалас, шайқас...өңкей «с»-мен аяқталған сұрықсыз өмір болып кеткендей көрінетін... (!) Кідірдім. Тоқтадым. Айналама қарадым. Өмірімде бәрі өз орнында екен. Адамдар да. Туыстарым жанымда. Бәрі аман-есен. Өмірімдегі артық адамдар кетіпті. Әрең жүргендер қашып тыныпты. Керек адамдар жақындай түсіпті. Жұмыстар да уақытылы істеліп жатыр. Бірақ...бірақ бәрібір бір жанталас, бір күрсініс...кеудемде бірнәрсе болып жатты...алай-дүлей. Кеудемдегі қуысты ешнәрсе де толтыра алмады. Жаным бір тыным таппады. Жанарымда іркіліп тұратын жасты ешнәрсе, ешкім кетіре алмады. Ылғи да тек жылағым келіп тұратын. Жүзімдегі мұңды да қашыра алмады. Бәрі орнында болғанымен, мені ешнәрсе қуанта алмады...жұбата алмады...тыныштандыра алмады...басымды тасқа да, тауға да соғып, өзімді әр жерден іздеп, қуысты не нәрсемен толтырғым келсе де, ешнәрсе қолымнан келмеді. Келмеді. Шарасыз халде жүрегім мұжылып, мүжіліп бітіп бара жатқандығын сездім. Бірақ...өзіме өзім көмектесе алмадым. Амалын білмедім. Ол қуыс одан ары үлкейе түсті...тіпті жүрегім қағатынды бастады...ауа жетпейтін дәрежеге жеттім...(рас сөзім)...ешнәрседен шаттық көре алмадым... шыны керек, өмір сүру тым қиындап кетті...менің халім сондай күйге түсті...мың адасып, ақыры....намазға келгенімше... Иә, Ол құтқарды! Қазір менің өмірім, шүкір, орнында. Жоқтың орны тола жатар, ал қазіргі барыма мың шүкір. Сол жанталас, сол қарбалас, сол күйзеліс барысында, Өмірді сүргім келетін сияқты...бір күн, бір ай, бір жыл...мейлі қанша ғұмыр берілсе де...