Маған салса, адамдармен көп сөйлеспес едім... Түбі бір сөзге келмей қалып, ақыры, көңілің қалып, не біреудің көңілін қалдыруды қаламас ем...
Маған салса, үнемі жымиып жүрер едім... Шындығында ешкімді қызықтырмайтын жаныңның жарасы сенсіз де жаны жабырқаулы жүрген жандардың жанарына мұң ұялатқанын қаламас ем...
Маған салса, қалада тұра берер едім... Шынтуайтында, өмірдің тым жылдам өтіп бара жатқандығын қаланың қызу тіршілігінен көру мүмкіндігінен шеттетілуді қаламас ем...
Маған салса, көзімнің көр соқыр болғаны жақсы дер едім... Махаббатпен қатар мейірімсіздік, сүйіспеншілікпен қатар қатыгездік, бауырмалдылықпен қатар тасжүректік қатар жүретін мына өмірде мұңдар мен жылдар өрнек салған кәрі ата-апалар мен тағдыр тәлкегіне түсіп, өздерін "жолы болмағандар" деп санайтындардың және тасбауыр ананың құрсағына сыйғанмен, құшағына сыймаған жетімнің жанарындағы жасты, мұңды, күйзелісті көруді қаламас ем...
Маған салса, барымды бағалап, құнын ұғу үшін мені ешкім танымас жыраққа кетіп қалар едім... Туғандарымның, туыстарымның, достарымның, жалпы мен танитын адамдарға дер кезінде жете алмай, бағаламай, жоғалтқанда ғана қадірін ұғуды қаламас ем...
Маған салса, таксист болар едім... Әртүрлі адамдармен танысып, әрқилы тағдырлар, оқиғаларды білу мүмкіндігінен шет қалуды қаламас ем...
Маған салса, "маған салса" деп жазатындай мүмкіндік тудырмас едім... Миымда қайнап, жанымды жеген ойларымның әлдекімдерге теріс әсер беріп, не көңілін түсіріп, шыны керек, не мен туралы жағымсыз пікірі туғанын қаламас ем...
Маған салса, жанымды, ғұмырымды, ендігі сүрер жылдарымды әкеме берер едім... Менің өмірім әлі құрылмады, жоғалтар түгім жоқ, ал, ағамдар мен әпкемдердің, інімнің жалпы әкесіз, немелерінің атасыз қалғанын қаламас ем...
Маған салса, жаңбыр, қар, қайың, жапырақ, әйтеуір табиғаттың бір бөлшегі болуды қалар едім... Арсыз да, әрсіз, нәрсіз де, мәнсіз деп саналмайтын табиғаттың бір бөлшегі болу бақытынан айырылуды қаламас ем...
Маған салса, тауда үйім болғанын қалар едім... Миымның, санамның, сезімімнің техникаға бағынып, табиғилықты, табиғатты ұмытып, түбі бір "тірі роботқа" айналғанымды қаламас ем...
Маған салса, ... әй, қойшы соны...)) әншейін бармын ғо...