Кіршіксіз мөлдірлік жетіспейді
Кіршіксіз мөлдірлік жетіспейді

Байыбына бармай, сабыр сақтамай, ақыр заманды тақап, аузым көпіріп біреуді жамандап алу қасиеті менде де бар екенін бүгін тағы мойындадым. Ақиқаттың басқа болып шығарына сеніп тұрсам да, ішімде әлдебір нәрсе қозып, орнымнан бір сілкіп алады. Ол адамды сыртынан да, өзі келген соң, бетпе-бет өзіне де жамандау да миға, жүрекке, санаға кері әсер етеді екен. Көп адамды сыртынан жамандамаймын. Өтірік емес. Иә, біреулермен қосылып, ол туралы біраз теріс сөздер айтармын. Бірақ мен ол адамды көрген бойда оның сыртынан айтқанына өзіне тағы бір рет айтамын. Білмеймін, бұл дұрыс па, бұрыс па? Достарым біледі, егер біреудің қылығы, ісі, сөзі ұнамаса, айтып саламын. Кімсің, дәрежең қандай қарамаймын. Иә, бұлай ету арқылы көп адамды өзінен алыстатып алатын, өзім туралы жаман ой қалдыратын шығармын. Мейлің. Мен сондаймын.

***

Екінші сыныптағы бір оқушы дәлізде кетіп бара жатқан басқа пәннен беретін апайымен амандасып, тағы бірнәрсе айтқысы келеді. Бірақ есіне түсіре алмаған соң, кетіп бара жатып, есіне саф ете қалғанда, қуанып кетіп: "Апай! Өткендегі мерекеңізбен!" - депті. Ол 10 наурыз күнгі қызық еді.
Айтпағым, бала періште ғой. Не айтса да, шын көңілімен, шын ниетімен, шын ықыласымен жанын салып айтады, білдіреді. Арамдықты білмейді. Таза. 
н.ғ.: Кейде бізге, үлкендерге де сол балалық, кіршіксіз мөлдірлік жетіспейді. Қажет-ақ...

***

Монитордың арғы жағында бәрі батыр, бәрі данышпан, бәрі оқымысты, бәрі жанашыр, бәрі ұлтшыл, бәрі керемет, бәрі спортсмен, бәрі еңбекқор, бәрі ақылды... Тек кейде өздерін өздері ғаламтор торынан босата алмайтыны болмаса... Мен де соның қатарында...

***

"Сәлем! Қалайсың?"... дегеннен кейін "жұмысың қалай?" деп сұрауға қорқатын болдық, қорқатын болды. Себебі, қазір менен солай сұрай қалса, "Онша емес. Жұмыс қарай жүрсеңші? Жұмыс бар ма? Не ғо..." деп сұрай жөнелетін "кезеңдемін". Жұмыссыздық жүнжітеді екен адамды. Жо-жоқ, жұмысым бар, шүкір. Тек көңіл қалауы басқада...

***

Өзгені ызыңдаған шыбын құрлы көрмей, миығынан күліп, тіпті көзіне де ілмей, адамдар қатарына да қоспайтындардың бір күні сол өзі менсінбейтіндерге күні қарап қалғандағы түрлерін көрсең, шіркін! Әй, бір рахаттанамын-ау! Әлгі кісім сымақтың шыжбақайланып, шыр-пыр болып, әлгінде мұрын шүйіре қараған адамының асты-үстіне түсіп, көпшік төсеп, жалпақтай бастағанда "бұқаның басына туған күн бұзаудың да басына туадыны" нағыз іс жүзінде көргендей боламын. Рахаттанамын сол "көрініске"... (Жауызбын, ә))

Мақпал СембайМақпал Сембай
10 лет назад 3955
6 комментариев
  • Қызық
    10 лет назад
  • Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп,
    Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы.
    Рахмет Мақпал! Бір деммен оқып шықтым. Аз ғана уақыттың ішінде оқырмандарымыз сенің жазбаңды тағатсыз күтіп отыратын жағдайға жетті. Әңгімеңнің астарында рухани мазмұн бар. Қоғамдағы теріс һәм оң әрекеттерді астарлап әдемі жеткізіп жүрсің. Алабұртқан адамның сан түрлі мінезін ашып берудесің. Алла разы болсын!
    10 лет назад
    • Мяяяя, рахмееет! Менің ойым, сөздерім әлдекімдерге әлдебір ой қалдырып, пайдасы тиіп жатса... керемет қой! Әумин! Сіздерге де, осындай сайттың бар болғаны үшін де Алла разы болсын!
      10 лет назад
  • Ақиқатты айтып салу жақсы қасиет шығар. Бірақ жасың келе әркімнің өз ақиқаты болатынын түсіне береді екенсің.
    Бірақ жоғарыдан төмен қараған адамдарды жаным жақтырмайды. Тәккапарлық адамды құзға сүйрейтіні белгілі.
    Жауыз емессіз, керісінше болар бәлкім.
    10 лет назад
    • Солар жоғарыдан төмен қарай білсе жақсы ғой. Танаулары көкті тескенше керіле беріп, бір күні ине тиген допша желдері шыққанда барып естерін жиятындары тағы бар...
      10 лет назад
О блоге
0
56583 278 295 205 145