***
Әртүрлі байқаулар... Қайда бұрылсаң, қайда қарасаң... Әділ өтетіні бар, өтпейтіні бар. Оқушыларымды қыркүйек басталғалы 4-5 байқауға қатыстырдым. Біреуінен ғана ынталандыру алдық. Ал қалғандары (кіл шығармашалыр байқауы) тіпті "көзге ілінбеді".
- Жәрайды, ізденуі аз, көркемдік жағы нашарлау, идеясы ашылмаған, тақырып өзекті емес, ережеде бекітілген санаулы беттен асып кетті делік. Ал, онда жеңген шығарманы оқытыңызшы? Үздік сүгіретті көрсетіңізші?" десек, алған жауабымыз:
- Сіз бізді тергейін дедіңіз бе? Оны қайтпексіз? Сіздердікі нашар! Келесі жолы жақсылап жазып келсін балаларыңыз...
Қоймай да қоймай сұраған соң, үздік сүгірет мынандай болады деп, үлкен форматты қағазға салынған әлдебір әдемі балеринаның сүгіретін көрсетеді маған.
- Бірақ мынаның Алматының күніне арналған тақырыпқа қатысы қанша? Ережеде , А4, А3 форматқа салынсын делінген. Біз дәл солай салып келдік. Тіпті әдемі салынды. Тақырыпқа сай! Ішінен таңдап әкелдік ең жақсыларын... Онда сүгіреттерімізді қайтарыңыз!...
- Сізге не керек? Қайтарылмайды. Ережеде солай. Үздік шығарманы да көрсетпейміз!
- Ережеге сай салынбаған сүгірет қалай үздік болады? Ал, шығармалар ше?...
- ...
Оқушылардың үмітін үкілеп шығармаларын алып келген жерімнен құры қол, басым салбырап қайттым... Балаларға не айтамын? Неге балерина салмадыңдар? Неге аз-ақ жазбадыңдар деймін бе?
Осыдан кейін қалай ғана оқушыларымды байқауға сүйреймін?
***
9- сыныпта оқитын сіңлімнің білімі өте жақсы. Мақтауым емес. Рас тым жақсы оқиды. Ізденеді. Ұстаздарының да мақтауындағы қыз. Сол білімі зая кетпесін, бір бағытқа бұрылсын деп, физикадан ғылыми жоба жазып, қорғап көрсеңші дедім. Келісті. Ұстазына бардым. "Ғылыми жобаға тақырып таңдап, сіңлімді бағыттап берсеңіз. Ол өзі жазады. Тек арасында тексеріп, жетекшілік етсеңіз деп едім..." деп айтсам, "Ақшаларың көп пе? "Әншейін" сертификат алу үшін 90 мың керек. Бар ма? Қазір-ақ сертификат береді. Қазір біліммен алып шығатындар аз. Білімі болса да, ақшамен келгендер озып кетеді. Оның жақсы оқитынын білемін. Босқа көңілі қалып қалады..." - деді апайы...
Осыдан кейін қай жетіскен білім? Жастар ізденбейді, оқымайды, ондақ-мұндақ деп айтып көріңізші? Алғаш білім алар қабырғадан бастап осындай әділетсіздікті көріп, сезініп өскен бала ертең елдің қамын қалай жесін? Қалай? Әр пәннен 4-5 кітап арқалап, сағат санын көбейтіп оқығаннан не пайда біздің кезде оқыған бір кітаптың құнына жетпесе!? Кім кінәлі? Ертең студент болғанда жұмыс жасап, сессиясын ақшамен жаба салуды мектептен бастап үйретіп жатқан жоқсыздар ма "Шенділер, Шекпенділер" Өңкей!!!
Әдірем қалғыр! Ашуым келіп Әлдекімдерге жер тіреп тұрғандай, әділдікті жақтайтындай, жүздерінде түлкі бейнесі, жүректері дүниеге толған, көздерін шел басқан, боққарындар өңкей жоғарыға отырып алған! Айтқанымды өтірік деңіздерші? "Сондайлардың" кесірінен қаншама бала арман көкке ұшып, алысқа жетелер қанаттары қиылды, қаншама расында елдің, қазақтың, жастардың, қазақ тілінің қамын жейтін ағай-апайларым және олардың ұлы істері көзге көрінбейтін көлеңкеде қалып қойды десеңші! Балапандар, періште тілекті, көңілдері пәк бүлдіршіндер, ардақты, елдің елеулі, халқының қамын жейтін, қазағы үшін аянбай тер төгіп жүрген ағай-апайларым, "сол біреулер" үшін Сіздерден кешірім сұраймын...
Ой, сорлы ақша, сорлы дүние, сорлы атақ, адамды шошқа дәрежесіне жеткізіп, намысын жерге таптатқанша аянбайсың-ау...
Білім және ғылым жүйесіндегі осы керітартпалықпен Қоғам болып күресу қажет деп ойлаймын!