Жарылып кетпесең болғаны... "анау"!
Жарылып кетпесең болғаны... "анау"!

Бір тілім қара нан, бір кесе қара шай біреулер үшін таңғы ас, түскі ас, кешкі ас та осы. Қашан да қарын тойғызуға жетеді. Бір қазан ет, қаймағы қалқыған сүтті шай, балқаймақ, неше түрлі тәттілер, жемістер, тағысын тағы мен атын да, затын да білмейтін қымбат тағамдар біреулердің әдеттегі таңғы асы, түскі асы, кешкі асы. Соның өзі қарын тойғызуға жетпейді.

Біреулері «ішсем, жесем», өзгесі «ішкізсем, жегізсем» дейді. Кім болса да, тірліктің қай түрімен айналысса да бәрі тек құлқын үшін. Қарның тоқ болмаса, көңілің орнында болмайды, денің де сау болмайды. Ал, дені сау емес адам ешкімге де керек емес, сірә.

 

 ***

...күйбең тірлік, таусылмас қарбалас, кідіруді білмейтін уақыт, зуылдаған көліктер, маған беймәлім бағытқа асыққан, адасқан адамдар, қолдан жасалатын кептелістер, тұнжыраған, көңілсіз, ашулы бейнелер, тайталасып аспанды көрсетпейтін бетон жәшіктер, көзді арбар мағынасыз жарнамалар...Алматы-ау, бір қорапқа адамдарды қамап қойғандайсың ғой. Бәрі де амалсыз жүргендей көрінеді бір сәтте. Шет-шегі жоқ, молынан көсіліп жатқан ауылымды сағындым...

 

 ***

...болады бір адамдар, бетіңе жылбырап күліп қарап, өзіне керек кезде жылы сөйлеп, жылы қабақ танытып, бір пайдасына жараған соң түк болмағандай, танымастай теріс айналып, тарс-тұрс етіп, бетіңе былшылдап сөйлеп, керегің жоқ дейтін. Ал "ол" байқұс «мен не істеп қойдым, қай жерде нені бүлдірдім, артық не айтып қойдым» деп, өзін-өзі ішінен жеп, «анаған» жалпылдап шыр-пыр болады да қалады. Ал екіжүзді «анау» одан ары кеудесін керіп, тырсия береді. Жарылып кетпесең болғаны, «анау»! Жарылып кетсең де, «мынау» оған өзін кінәлар...

(сурет жеке мұрағаттан)

Мақпал СембайМақпал Сембай
10 лет назад 3927
2 комментария
  • Бетон жəшіктер. Керемет теңеу. Табиғатты тұмшалап, адам санасын жаулаған жасанды əдемілікті күл - талқан еткен теңеу!
    10 лет назад
О блоге
0
56583 278 295 205 145