Ажалды ғана өледі
Ажалды ғана өледі

Жүрегім 

Қарамайтын ешқандай да күйіңе, 
Мейлі өзгере берсін мына дүние
Тек сен ғана рұқсат берші, өтінем, 
Өзгермейтің қалыбыңды сүюге. 

Түрлі адамның бетпердесі шешіліп, 
Кінәларын жатса да олар кеш ұғып. 
Саған ғана жарасатын кейпіңнен, 
Өзгермеші, өзгелерге өшігіп. 

Сынақтардан көз аша алмай қалсаң да, 
Лайықты іске лайықсыз құн алсаң да. 
Бұл өмірге тек өкпелеп қалмашы, 
Теңізіне талай қайық салсаң да. 

Жанға жақын жандар сенсіз өтсе де, 
Сенсіз талай бақытқа қол жетсе де, 
Адамдарды тек жек көріп кетпеші, 
Ортан жолда тастап сені кетсе де... 
Жүрегім... 

***

Мен, сен, ол...бәлки, басқаға, 
Таңдамай ажал келеді. 
"Қырық жыл қырғын болса да, 
Ажалды ғана өледі". 

Мекендеп жерді мәңгілік, 
Жыламай, ылғи күлердей.. 
Жүресің кербез, паң күліп, 
Өлместей өмір сүрердей... 

Жақсылық қылсаң біреуге, 
Өзіңе қайтып оралар. 
Жамандық қылсаң біреуге, 
Сауабың сөзсіз тоналар. 

Қуаныш, қайғы...жұптасқан... 
Тағдырға бар ма таласың? 
Күндердің күні жәй ғана, 
Төмпешік болып қаласың... 

***

Бір досым бар 

Бір досым бар 
Мені ендігі ұмытқан. 
Көрсе мені танымас-ау жуықтан. 
Талай күн, ай, жылдар түсіп ортаға, 
Арамызды суытқан. 

Бір досым бар 
Берген сертте тұрмаған, 
Менімен бір достық жырын құрмаған. 
Достың досқа махаббатын 
үн-түнсіз, 
Уақыт, шіркін, ұрлаған. 

Бір досым бар 
Күтпеген күн, кенеттен, 
Мені емес, өзге досты тең еткен. 
Өкпелетіп, сол өкпені өшпестей, 
Жүрегіме мең еткен. 

Бір досым бар 
Қазір халін білмеймін. 
Оны ойлап, жыламаймын, күлмеймін. 
Дегенмен де, сағынышқа бағынып, 
Кейде кірпік ілмеймін... 
Бір досым бар еді-ау менің... кеше. 

***

...бірқызық. 
Жүрегім тұрғандай өңешке тығылып. 
Барады тамағым сырылып. 
Сірә, мен тағы да қалдым-ау, 
Өмірдің жолында жығылып. 

Жанарға үңіліп сырды ұғып, 
Рұқсатсыз жүректе қыдырып. 
Жаралап, сыздатып кетеді... 
Адамдар барады-ау суынып. 

Тағы да баяғы қу үміт, 
Бейнесін тұр әні, құбылтып. 
Жаураған жанымды кім келіп, 
Тұрады «ақысыз» жылытып? 

Құдай-ау баяғы қу үміт...
Жүрегім өңешке тығылып. 
Қалайды-ау кеудеден шығуды, 
Жатқанша қансырап бұғынып..

***

Жүрегімнің тағы да бір қабаты
тілім-тілім...
Күнім, бүгін...
Өткінші өмір екенін біле тұра,
Ренжітуге дайын-ақ бәрі бірін.

Кірлеп кеткен жүректен шығар лас сөз,
Жүрегіңді кететін тырнап бірден...
Әй, бәрі де қалады-ау өткен болып,
Күндерім де жылаған, мәз боп күлген...

Қанша күнім қалғаны белгісіздеу...
Мен де сүріп жүрмін- ау өмірімді...
Әлдекімді ренжітіп алған болсам,
Кешірерсіз, қалдырман көңіліңді...

Бір ғана уыс топырақ бұйырғаны,
Қалғанының бәрі де менікі емес.
Мен де ерте не кештеу кетерім хақ,
Сізге, оған, бәріне болып елес.

Жүрегімнің соғысы маған аян,
Іші мұңға, сырға тек тұрған толып.
Адам-бір тал жапырақ ағаштағы,
Күз келгеннен үзіліп, қалар солып...

(Сүгірет жеке мұрағаттан)

 

 

 

 

Мақпал СембайМақпал Сембай
8 лет назад 5724
0 комментариев
О блоге
0
56583 278 295 205 145