Батсақ та күнәға белшеден,
Әлі де тіріміз, жердеміз.
Аллахым кешіріп жатса да,
Соны ұқпас ақымақ пендеміз.
Беріп ап он тиын садақа,
Жыр қылып жаһанға жаямыз.
Нәпсіге, мақтанға ерем деп,
Тозаңдай сауапты жоямыз.
Парыздың бесеуін білеміз,
Алайда, тек жақпен қақсаймыз.
Материал жағынан үстем боп,
Рухани жағынан ақсаймыз.
Әкені, ананы сыйламай,
Бастыққа жалпақтап жүреміз.
Өздігімізден сау болып туғандай,
Ақсаққа, кеміске күлеміз.
Жетімдік кінәсі секілді,
Жетімге еш көмек бермейміз.
Жаманға үйір боп алғанбыз,
Жақсыға шақырса ермейміз.
Күн сайын өрлеуде "дүние",
Рухани төмендеп бағамыз.
Қай жаққа білмеймін,
Білмеймін...
Әйтеуір биіктеп барамыз...
Төменге құлдилап санамыз,
Ажырап жатыр-ау арамыз..
Адамдық мінбеден түсіп қап,
Әйтеуір биіктеп барамыз...
Әйтеуір биіктеп барамыз...
16.05.2014