*** Шақырған қонақтарымыз кешігіп жатты. Бәрі дайын! Дастарқан анам қолдан жасаған бауырсақ, "прәндік", нешеме түрлі салаттар, тағысын тағылармен жайнап тұр! Тек мәмпәзилер мен жеміс-жидектер ғана дүкендікі.(Кезінде бәрін қолдан пісіретін ек. Тіпті "прәндіктің" түр түрін де. Тек мәмпәзи сатып алатынбыз. Ал, қазір тіпті дайын қамыр, бауырсақ та толып тұр... осылар ғой жалқау қылатын адамды, деп қояйын да). Сонымен, біз де дайынбыз. "Қонақ" келгенде киетін "той" киімдерімізді киіп алып, арлы-берлі жүрміз іс тындырған адамдай. Тіпті іш пыса бастады. Кенет анам, "мереке ғой" деп, сандықта жататын қораптағы ассорти тәттілерінің бірін ашып, мәз-мейрам қылды бәрімізді. Әдетімізше, қылдай бөліп алдық. Әр түрінен әрқайсымызға, яғни, әкем, анам, әпкем, інім, мен, барлығымызға теңдей бөлінді. Әркім өз "үлесін" жеп қойды. Әкем де тәтті құмар адам ғой. Тек анам ғана тәттіні шәймен пышақпен ұсақ қылып бөліп жеп отырғанды ұнататын. Сосын (сосын дегені, қонақтар "кеткеннен соңғысы" ғой) жеймін деп, ыдыстардың арты айна, беті әйнек сөресіне қойып қойды. Сонымен қойшы, қонақтар келді, абыр да сабыр, жүгірген, шулаған бала-шаға, күлкі, ырду-дырду, дастарқанды тазалап, ыдыстар жуып біз жүрміз "той" көйлегімізбен сән болып... Қысқасы, қонақтарды өзімізше жақсылап шығарып салдық... Түн ортасы болды. Енді "өзіміз бір шәй ішіп алайыққа" кезек келді. Шәйімізді дайындап, "өзіміздің" барлығын шақырдық. Әкем пештің алдында пышпыңдап бірнәрсені жөндеп әлек. Түсініксіз. Он қайтара шақырдық, келер түрі жоқ. "Папа, не болды? Не істеп жатырсыз?"-деп жанына барып, айтқанын естіп, көріп, ұйқысырап, әрең тұрған мен күлкіден талып қала жаздадым. Қалған "өзіміз" жүгіріп келіп, бәріміз қыран-топан күлкіге қалдық. Сондағысы мынау ғой. Бағанағы әйнек сөреге салған анамның "үлесін" әкем жегісі келіп, ешкімге көрсетпей жеп алайын деп қалтасына сала салыпты. Сырты жоқ екі тал шоколад. Қыс мезгілі. Үйде от жағылып тұр. Қонақтар кеп қалған сол сәтте. Қонақтармен жүріп, әлгі шоколадтар... Түсінген шығарсыздар ... Шоколадтар еріп, қалтасы жабысып қалыпты. Кішкентай "ұрлығы" үшін ұялып, соны тазалап жатқан екен. "Әй, әкешім-ай..."
Н.ғ.: ...кейде ата-аналарымыздың да кезінде бала болғандығын ұмытып кететініміз-ай. Оларды да еркелетіп тұрсаң, шынымен де қуанады. Сенбесең, байқап көр...
*** Сол тәтті жегіш әкетайым бір рет тағы қонақ шақырарда "ұрлық" қылмақшы болған. Дұрысы - ұрлығын ізін суытпай жаба салғысы келіпті. Былай ғой. Торт пісіріп, қалған "сгущенканы" қасығымен қоса төменгі сөрелердің біріне қоя салғанмын. Түбіне таман қойғанмын. Оны алу үшін сәл еңкею керек. Төменірек дегенім ғой. Содан бәріміз теледидар көріп отырғанбыз. Кенет бірнәрсе "тарс" ете қалды! Ыдыстар тұратын шкаф жақтан. Бәріміз "жалт" қарадық! Тағы да әкем! "Ой, бір қасық қана жейін деп едім"-дейді. Жаңағы сгущенкадан бір қасық асамақ болып, ыдысымен қоса төгіп алған екен. Тағы да күлкіге қарық қылған тәтті жегіш әкешім өз ісіне расымен қатты ұялып кеткені бар еді...
Н.ғ.: ...аман болса екен "солар"... еркелеп... кішкентай бұзықтықтарымен...
Сурет www.google.kz сайтынан алынған
Мақпал рахмет сізге.
Жарықтық әкем есіме түсіп кетті. Біздің де тәттіқұмарлығымыз әкемізге тартқан.