Қауышады екен бәрібір тең-теңі...
Қауышады екен бәрібір тең-теңі...

Құдайдың қаһары түскен жерге,
Жаумайды жаңбыр.
Кейіп бос, достым, түспегін терге,
Әдірем қалғыр.

Аямай төксе нұрынан Хақ, 
Артық па саған?
Әр күнге баға беретіндей нақ,
Қандай өз бағаң?

Дұға тілегін жаңбырмен жарыса,
Ертпесін сарсаң мұң.
Тозақтың оты жаныңды қарыса,
Жаңбырды аңсарсың...

/30.05.14/

***

Ол біздерге қарыздар секілді бір,
Әр жыл сайын күтеміз көктемді ерек.
Өміріңді көктемдей көктетуге,
Көктемге де лайықты болу керек.

Қыс ұзаққа созылып кеткендей боп,
Көктем келмей қоярдай қамығамыз.
Бірер күн қатарынан жауса жаңбыр,
Көктемнен де кенеттен жалығамыз.

Адамға жағып еді осы нелер,
Әрнеден бір кемістік алар тауып.
Әрқашан бұлтты ойлар ойлай берсең,
Өміріңде жаңбыр ғана тұрар жауып. 

Жылулықты сезінемін әлдебір,
Мен күтпеген адамдардан, тұстардан.
Өткеніме сәлемімді күнде бір…
Жолдап тұрам оралмайтын құстардан.

Қарай-қарай көз талған сол сәттерде,
Мұң көңілге болған кезде тым үйір.
Ойлай-ойлай ой түбіне кеткенде,
Пайда болған бақытым бар бір түйір.

Мен бақытты адамдардың бірімін,
Күлген күнге, самал желге қуанған.
Барға шүкір, жоққа сабыр ететін,
Жылы сөзге, жылы көзге жұбанған.

Көңілімнің пердесін сыр қозғамай,
Жанарымды тамшы жас кеп ұрмайды.
Мекен еттім мен бақыттың "ұясын",
Бүгінде мұң қабағымда тұрмайды.

Жаратқанның разылығы үшін де,
Жақсы көру – бүгінгі ұран мендегі.
Уақыт келіп аялдаған сәттерде,
Қауышады екен бәрібір тең-теңі...

Көңіл тыным тапты, үрей шеттеді,
Әлдилейді жүрегімді тыныштық.
Мені де ойлап, сағынатын бір жан бар,
Тек мен үшін тым ыстық...

/17.02.2015/

***

Көгеріп кеткенін де айналаның,
Байқамай қаларымыз тағы анық.
Бүр тастаған жан біткеннің көңілдері,
Жүрер көктем алқасын тағып алып.

Өміріңнің сәтсіздігі оңалуға,
Көктем, жаз, күз, қыстың да жоқ қатысы.
Ниетің, құлшылығың түзелмесе,
Әсер етпес айдың қалай жатысы.

Бақытты я бақытсыз күй кешуің,
Байланысты өзіңе, сөзіңе, іске.
Бұл көктем тағы бақыт сыйламаса,
Кінәлі емес, кінәні артпа түске.

Бес саусағың санауға жететұғын,
Бес парызды қылмасаң, кім кінәлі?
Өзіңнен, ниетіңнен баста бәрін,
Босқа артпа басқаға бар кінәні.
/18.03.2015/

Сурет жеке мұрағаттан

Мақпал СембайМақпал Сембай
10 жыл бұрын 3521
0 пікір
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145