«Менiң атым – Тәуелсiздiк»
«Менiң атым – Тәуелсiздiк»

(Осыдан екі-үш жыл бұрын жазылған еді... Архивтен тауып алдым...) 

– Ассаламағалейкум, ата! Жолдан бiрге өтейiк…

– Аман бол! Рахмет, ұлым!

– …

– Кiмнiң баласысың?

– Атамның.

– Атаңның аты кiм?

- Атамның аты – Бiрлiк, апамның аты – Әдiлет.

– Өз әкеңнiң аты ше?

– Ал әкемнiң аты – Өжет, анамның аты – Сабыр.

– Әп, бәрекелдi! Есiмдерiң неткен мағыналы едi! Жасың нешеде, ұлым?

– Жиырма екіге ендi толамын.

– Қазақ елiне қайдан келдiңдер? Әлде…

– Жоқ, ата. Бiз – ата-бабамыздан бастап, бәрiмiз де қазақ даласының кiндiк ұрпағымыз. Мен туғанға дейiн қазақ елiнiң әр жерiнде шашырап жүрген екенбiз. Мен туған жыл – ата-бабамның барлық түп тамыры жиналып, бiр бүтiн болған жыл екен. 1991-дiң қақаған қысында мен туылыппын.

– Қазiр жағдайларың қалай?

– Шүкiршiлiк, өте жақсы!

– Сендер үшiн қуаныштымын, балам. Ал бауырларың бар ма? Әлде бiр өзiң тұңғышы да, кенжесiмiсiң?

– Бiз бесеумiз: екi ағам – Намыс пен Қуат, екi әпкем – Махаббат пен Мейiрiм және мен.

– Ерке балаға ұқсамайсың, ұлым.

– Бiз бес саусақтай жұмыла жұдырық болатын, алақанымызда анамызды аялап, әкемiздiң айтқанымен, атамыздың өсиетiмен, апамыздың ақылымен жүретiн өте тату отбасымыз.

– Беу, әр отбасы сенiң отбасыңдай болса, жер жүзiнде тыныштық болар едi-ау…

– Дұрыс айтасыз, ата!

– Бұғанасы қатпаған тұлымдай жас екенсiң. Кiм болғың келедi, ұлым?

– Ата-ау, елiмнiң ертеңiн ойлар ұрпақтың бiрiмiн ғой. Ұлпадай үлпiлдеген ел үмiтiн ақтап, барыстай асқар таудың шыңын мекендеп, тауға шықпасам да, барыстай батылдықпен тауға қарап ұлитын көкбөрiнiң төлiмiн ғой. Теңiзге тамған тамшыдай болса да, елiме еңбегiм сiңiп, тұғырын биiктетiп, арманын аяқасты етпей, елiмнен қолымнан келгенiн аямау – мiндетiм болмақ. Өзге елге қызыға қарап, бiздiң қатысуымызсыз дамып жатқан әлемдi сахнаның сыртынан тамашаламай, дәл қақ ортасынан орын тебуге де күш қуатымыз жетерлiк елмiз ғой!

– Бәрекелдi ұлым! Елiмнiң жастары сендей жiгерлi де ақылды. Қайсар болса, қазағымның ертеңiне алаңдамасам да болады екен!

– Бiз әлi де талай асудан асып, талай шыңды бағындырамыз, ата!

– Әр бала сендей отбасынан, сендей тәрбие алып шықса, елiм ертең-ақ көркейiп гүлденерiне бек сенемiн!

– Алаңдамаңыз, ата! Елiм деп емешегi үзiлiп тұрған жастар жетерлiк қазағымда! Сәтiн салса, бiр бiрiксек, ешкiм де, ештеңе де кесе-көлденең тұра алмас! Бiлiммен де, өнермен де, мәдениет, әдебиет, экономикамыз бен тiлiмiзбен де алдыңғы ондықтан орын алар елдiң бiрi болатынымызда күмәнiм жоқ!

– Аллаһым өзi қолдасын!

– Әумин!

– Мен саған сенемiн, ұлым!

– Сенiмiңiздi ақтаймын, ата!

– Ұлым, бәрiн сұрап, өз есiмiңдi сұрамаппын ғой. Қарсы алдымда жарқ етiп тұрған, кең маңдайлы қазақ ұрпағының да есiмi ерек болар?!

– Менiң атым – Тәуелсiздiк.

– Естiмеген есiм екен… Атыңа затың лайық болсын!

– Тырысамын! Отбасымды да, елiмдi де жерге қаратпауға уәде беремiн!

– Ақ жол, ұлым! Ендi қашан кездесерiмiз беймәлiм. Аман бол, дегенiңе жете бер, шырағым! Жанарыңдағы ұшқын ешқашан сөнбесiн!

– Рахмет! Сөндiрмеймiн, ата!

– …

– Ата, ата тоқтаңызшы… Жiгерiме жiгер қосып, талпынысымды қамшылаған ақ сақалды, өңi жылы, өзге аталарға ұқсамайтын сiздiң есiмiңiздi бiлмей кеткенiм – өмiрлiк өкiнiш болар…

– … Есiмi Ынтымақ деген шал деп сақтарсың есiңде, Болашағым!

ынтымақ, Қазақстан, тәуелсіздік, Мақпал Сембай, азаттық
Мақпал СембайМақпал Сембай
9 жыл бұрын 5413
0 пікір
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145