Асылып қалдым...
Асылып қалдым...
*** Үйде тек аналары мен кішкентай қыздары қалып, қалғандардың барлығы күн ұзаққа таңнан кешке дейін «Азия дауысына» кететін жазда. «Азия дауысы» дегеніміз – жаз мезгілінде ғана болатын қызу науқан – шөп шабу болатын. Сонымен, біздің ер атаулының барлығы, менен екі жас кіші інім де Азия дауысына кеткенде, үйдің тірлігі бізге қалатын. Әпкем үйдің жұмысы, мен қора-қопсы дегендей. Мал тарайтын уақытқа таман үшінші бұлақ жақта (ауылым Тоғызбұлақ, 1,2 бұлақ тоқтап қалған, үштен ары қарайғысы ағады шамасы) жайылып жүретін құлынды биені үйге әкелу - менің басты жұмысым болатын. Біршама алыстау жерде жайылып жүретін биені әкелуге жаяу шығамын. 20 минуттай жаяу жүріп, жеткен соң, биені ұстаймын. Оны алдыңғы екі аяғынан тұсап қоятынбыз. Биеміз алдыңғы бір аяғынан маймақ болғандықтан, ауыр жұмысқа жегілмейтін. Анамның да сол қолы жұмысқа икемсіз болғандықтан, анам да ешбір науқанға: картоп, шөп... қатыстырылмайтын. Өзі барамын деп бізбен бірге барып, жазық далада күннің ыссысында біз тірлік қылғанда, анам самаурын қайнатып, қазан-ошағына тамақ жасап беретін. Ой, ол кездер керемет еді. Шыжыған күн. Шаршап болдырған біз. Бітпейтін жұмыс. Сондайда анаааау көлік тұрған жақтан түтін шыға бастайтын. Самауырын қойылғанын біліп, біраз сергіп қаламыз. Дала жазық болғандықтан, кез келген иіс тез тарайтын. Кенет анам жер қаздырып, тас қалатып, қазанын қойдырып алған анамның пісіре бастаған тамағының иісі мұрныңды жара бастайды. Осындайда жұмысқа деген құлшынысың артып кетеді, шіркін! Ас дайын болғанда, "ОБЕД" деп айғайлайды анам. Ал, кеп жүгір! "Мен бірінші, жоқ, мен!..." жанталасып жетіп, көліктің көлеңкесіне немесе шөбі қалыңдау жерге көрпелерін жайып, жерге дайындаған дастарқанына барын жайнатып қойған анамның қасына жайғаса кетуші ек... Еһ... Ой, бірін бастап, біріне соғып... 
Сонымен, әлгі биеміз маймақ әрі жуас  болғандықтан, еш қиындықсыз ұстататын. Ұстаған соң, тұсауын шешіп, жәй ғана мойнына іле салатынмын, оңға-солға бұру үшін. Үстіне ештеңе төсемей, сәл дөңестеу жерге жетектеп барып, сол дөңеске өзім шығып, қарғып мінетінмін. Сөйтіп. Үйде қалғандары малдарды жайғап, сиырлар сауылып, «қаңғыбас» балалар ойыннан үйлеріне оралған соң, тым кеш, оралатын еді Азия дауысына қатысушылар. Әлгі биені әкелген соң, сыртта шатыры жоқ қоршалған қора сынды жер бар болатын, соған кіргізетінмін. Есігінен кірмес бұрын, мен түсіп қалуым керек. Себебі, есігінің жоғарғы жағында көлденеңінен шанжа (бұтағы ештеңесі жоқ, оқтау сынды, ұзыыын, жуааннн жалаң ағаш) қойылған. Тұрағына кіргізбес бұрын түсіп қаламын немесе биемнің мойнына жабысып, еңкейіп кіруім керек. Содан бір күні әдетімше биеммен "маймаңдап", ысқырып, өлең айтып, "сарнап" келе жатсам, әкемдер ерте келіп алыпты. Анааау жерде тұрған әкеме мақтанғып келіп, "Папа! Қараңызшы...!" дегенімше... ішімнен бірнәрсе қатты соғып жіберді! "Ыңқ" ете қалдым деген осы шығар. Аямай соққы алдым! Ұқсам бұйырмасын! Көзімен отым шығып, жұлдыздар көріне бастады! Мәссаған! Расымен де жұлдыздар! "Ой, әкеңнің қызы!" деген әкемнің сөзінен есімді жиғандай болдым. Сөйтсем, мақтанмын деп әлгі есікке жетіп қалғанымды, не түсу, не еңкею керектігін ұмытыппын да, әлгі көлденең шанжаға асылып қалыппын. Ал, бием күндегі әдетінше маймаңдап тұрағына кіріп кетіпті... Мақтанамын деп, асылып қалғаным бар осылай. Кішкентаймын әрі жерге "алыыыыс" болғандықтан, әкем асылып тұрған мені көтеріп жерге түсіріп, бір ұрсып алып, күлкіге қарық болғанбыз... Солай...)) 
Н.ғ: ...әлгі самауырынның түтіні мен тамақтың иісі, маймақ бием аңсатты-ау мені аңсатты... 
Мақпал СембайМақпал Сембай
10 жыл бұрын 4631
10 пікір
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145