О чем я думаю?
О чем я думаю?

"О чем вы думаете?" дейді фейсбуктың бір тұсында.

Не ойласам деп ойлап отырмын. 

Саясатты ойлауға миым жетпейді. Жетсе де, жетпейді.

Халқымды ойлайын десем... халқымды ойлаған соң, ол ойыңды іске асырмасаң, тек ойлап қана жүргендердің санын арттырып не керек? Онсыз да олар көп "қой". Және ол ойың өзіңе емес, халқыңа пайдалы болмаса, халқымды ойладым деп бірнәрсе істеу - бекершілік.

Табиғатты, оның қалай құрып бара жатқанын ойласам ба екен әлде? Алайда, үй гүлі мен аула гүлінен басқа егіп, өсіріп көрмеген мен табиғатты ойлап жетістірмеспін. Ағаш егіп, орман жасамасам да, тым құрығанда табиғатқа зияным тимесе, сол да болса пайдам шығар.

Жетім-жесірлерді ойласам ба екен? Оларды ойлап, көріп, біліп, ет-жүрегім езіліп, ешкім жоқта екі тамшы көз жасымды сығып алудан басқа еш пайдам жоқ. Басынан сипап, Алладан амандықтарын, адаспауларын тілеп, жылы сөз айтқаным титтей де болсын сеп болса, солай жасай беремін. Одан арыға әзірге дәрменім жетпейді. Рас сөз.

Жұмысты ойласам ба екен? Несін ойлаймын бірақ. Он екі мүшем сау болса, жұмыстың түр-түрі бар қазір. Шаш тарап, бас уқалаушыдан бастап, етік сүртушіге дейін. Бір мәнісі болар. Аш қалдырмас Жаратқан. Барға шүкір, жоққа сабыр.

Өлгеніңше бітпейтін, сағызша созылған проблемаларды ойласам ба екен? Оны ойлап қайтпекпін? Онсыз да олар өздерін ойламай қалуыңа жол бермес. "Мен мұнда" дегендей аракідік бас көтеріп тұрады. Проблемаң бар болса, өмір сүріп жатырсың дегені, сірә. Бәріміздің басымызда жақсы-жаман проблемалар тең болып тұра берсін. Бұйырған ғұмырды сүре берейік... мәнді... құмсағатымыздың құмы таусылғанша...

Анау бір адамдарды ойласам ба екен. Тәйірі, өзімді ойламайтын адамды ойлап, уақыт кетіріп нем бар, ә? Одан да мені де ойлайтын адамдарды ойлап, іздеп, көрісіп тұрмаймын ба? Әзірге ешкімге керексіз, іздеусіз қалғандардың қатарында жоқпын, шүкір.

Өмірді ойласам жөн шығар? Әй, бірақ өмірді ойласаң да, ойламасаң да ойыңда ғой. Кеудеде жүрек соғып, тамырдан қан жүгіріп тұрғанда өмір өзі-ақ ойда жүреді. Одан да сол өмірді мәнді, пайдалы сүруді ойлау керек шығар?

Жұрттың бәрі қызыққан дүниені ойласам ба әлде? Бәленгүлдің шапанындай шапан, жүзігіндей жүзік, көлігіндей көлік болса деп... Әй, солар көріме кеңдік беріп, о дүниеме медет болса, ойлайын, болмаса несін ойлаймын? Шүберектің қай түрі болса да, жылу беріп, тәніңді жылытып тұрса, ауырып қалмасыңа сеп болса, болды емес пе? Ал Алланың қайсы құлы болмасын қайсыбір алтын-күміссіз-ақ әдемі емес пе?

Өлімді ойлағаным жөн шығар... Мен онда не алып барамын? Лайықсыз лайктарымды ма? Дайындығым қандай? Не тірлік қылып жүрмін өзі? Ендігі қанша қалғаны белгісіз күндерімді әлеуметтік желілерде лайк жинаумен өткізсем, не тірлік бұл сонда? Өзіме өзім ұстаз болмасам, кім ұстаз болмақ? Өзімді өзім тәрбиелемесем, осыған дейін алған білім, тәрбиемнің бекер кеткені ме? Анамның басына барып, өмірдің рас өткінші екеніне көз жеткізіп, өлімді көбірек ойласам ғана, әр күнім "дұрыс" өтер...

Тағы бір ойлауым керек ол - Жарым, жолдасым. Алла нәсіп етіп, ниетім қабыл болып жатса, бір теңім кездесер. Сол теңімнің өзіме лайық, мен оған лайық болып, өмірден лайксыз-ақ лайықты орнымызды алып, ата-ана тілегін орындап, бір-бірімізге демеу болып, тып-тыныш, жердің бір бұрышында ешкімнің бізге, біздің ешкімге кесіріміз тимей, елінің ертеңін ойлар, ақылды, саналы ұрпақ тәрбиелеп... бала-шағаларымызбен өмір сүрсек деп ойлағаным жөн-ау, сірә. Нағыз жөндісі осы болар. Соған Алла жеткізсе... Е, осы ойым нақ керегі. Көбірек, тереңірек, жүрек түбінен, бар ниетіммен осы ойды жетекке алайын... ...басқасы болды, болып жатыр, бола береді де, менімен де, менсіз де...

Сонымен, Фейсбукқа берген жауабым осы болды.

Н.ғ.: ....мен тыныстағаннан ауа бітіп, күрсінгеннен аспан күркіреп, жылағаннан жаңбыр жауып, күлгеннен күн шыға қоймас... көптің арасында қараң-құраң етіп, аман жүре берейік... біз де, Сіз де, Көпшілік...

Ілмек сөздер: фб, думать, писать, дүние, ой

Мақпал СембайМақпал Сембай
2 года назад 462
4 комментария
О блоге
0
43692 277 289 204 143