Имансыз адам "мәңгіні" іздеп, сенделер
Имансыз адам "мәңгіні" іздеп, сенделер

Тірлігің мынау еш мәнсіз, бұлай жүргенің,
Артыңнан қалар ұрпағың, сірә, болмаса.
Бес тиын пұлға татымас мың күн сүргенің,
Жүрегің білім, иманға егер толмаса...

Жаманнан қашқын, жүректі кірлеп алмағын,
Жақсылығыңды біреуге қылған жар салма,
Пайдасыз ғұмыр кешкен қатарда қалмағын,
Шүкірлік айтпай таңыңды, кешті қарсы алма...

Қадір тұт ата-анаңды, бауыр, туысты,
Қолыңнан келген көмекті ешбір аяма.
Садақа беріп, арттырғын сауап игі істі,
Содан соң, Алла бұйырса, жұмақ саяла...

Салауат дегін жоғыңды жоқтап, мұңайма,
Шүкірлік айтып, барыңды білгін бағалай,
Адамға, сірә, адам боп қалу оңай ма,
Әрқашан жүргін иманның жанын жағалай...

Талайы келді, кетті де келген пенделер,
Ешкім де мәңгі мекендеп қалған жоқ жерді.
Имансыз адам "мәңгіні" іздеп, сенделер,
Өмірді Алла адамға сынақ деп берді. 

Кім едің кеше, бір ғана түйір қан едің,
Нұрымен Аллах жаратты сендей бір құлын.
Мұсылман болып әу бастан туған пенде едің,
Тағдырың сенің жазылды өзіңнен бұрын.

Білмеймін күтіп біз жүрміз нені, не кімді...
Қам қылмай аңсап жаннаттан үміт етеміз.
Жалған деп бекер айтпаған мынау бес күнді,
Кешегі ата-бабадай біз де кетеміз...

Ашуға ерік береміз, сабыр шет қалды,
Дүние ойлап ұйқымыз қашты түн жарым,
Жел сөздерге де ердік те, құлақ, жақ талды,
Білеміз бізді шақырған сөзсіз "үн" барын...

Болмашы іске жылауға дайын тұрамыз,
Алла атымен басталмайды да сөз басы.
Қалардай мәңгі қас-қағым сәтті құрамыз,
Құранды оқып тамуы керек көз жасы.

Ісіме мынау қарап ем ешбір мандымас,
Санамды алды жаулап бір Көркем күш бүгін.
Сезімге ерік бердім де, көзден тамды жас,
Пайдасыз өтіп жатқанын білдім әр күнім.

Кетпеші, Иман, бір сәт те менен жырақтап,
Қалдырма нәпсі еркіне ерер мезетке.
Тұрамын бұдан былай өзімді сұраққа ап...
Қандай іс күтіп тұр екен мені кезекте...

Бір Өзің жар боп, бірлікке дақты түсірмей,
Жерімді сақта, Жаратқан, сақта халқымды,
Тәккапарлықты, еріншектікті өсірмей,
Ұмыттармашы ұрпаққа "дәстүр-салтыңды".

Салмағы сөздің жүрекке түссе салмақты,
Жүректен шығып жүрекке, сірә, жеткені...
Сақтай алсақ біз "қазағым" деген тармақты,
Үрей мен пәле-жаланың бізден кеткені...

Кетпесем де әлі жүрсем де жерді мекендеп,
Сағынам кейде қазағым менен жерімді.
Беремін уәде "Қазағым" деумен өтем деп,
Себебі, маған "Қазақтың"(!) жаны берілді...

Ілгері-кейін... біліп те, білмей істеген,
Кешірші, Алла, үлкенді-кіші күнәмді...
Сүремін жалған Сен берген Ұлы күшпенен,
Тырысам енді қылмауға тірлік күмәнді.

Кетпеші менен алыстап, иман, ой, санам,
Бүгінде менің өздерің ғана достарым...
Арманым-жұмақ, білемін: сабыр... ол-панам...
"Биссмилляммен" ісімді енді бастармын...

Хайырын күтем, қайсыбір істің болмасын,
Себебі, бәрі Аллахтың ғана қалауы.
Достарым, енді қабақты кірбің шалмасын,
Себебі, бізде қалды-ау күндер санаулы... 

/26.02.2014/

сурет жеке мұрағаттан

Мақпал СембайМақпал Сембай
2 года назад 724
0 комментариев
О блоге
0
43692 277 289 204 143