Әй, мұнда бір гәп бар-ау...
Әй, мұнда бір гәп бар-ау...

-Неге сонша тесіліп қарап тұрсың?

- Бір жерің ауырып тұр ма? 

- Немене? Жоқ.

- Әй. Дегенмен, бір жерің ауырып тұр-ау.

- Жоқ деймін!

- Әлде сонша жас көрінетін, бірақ жасыңыз біразғаааа барып қалған жігіт ағасысыз ба? Кешіріңіз, ойланбаппын...

- ЖОҚ! Жас екенімді көріп тұрсың ғой!!!

- Мүмкін "бір жерге" барғың келіп қысылып отырған шығарсың, а? Автобусты тоқтатсын деп айтайын ба?

-ЖОҚ! Неменеге маған жабысып қалдың?!

- Әй, дегенмен де, мұнда бір гәп бар...

- Мазамды алмашы?!!! Ары барып тұрсаң болмай ма?!

- О! Таптым!!!

- Нені таптың?

- Кел, құлағыңа айтайын. Сен ұлға ұқсайтын, бірақ шын мәнінде, қызсың. Және жарасымды толықтығыңа қарасам, меніңше, сенің аяғың ауыр ғой деймін, иә...?  

- Н Е М Е Н Е?! Сенің «басың істей ме»?!!!

- ммм... Әрине, істейді. Е, өстіп бағанадан бері бос сөз сөйлегенше, атып тұрып орныңды жаныңда тұрған аяғы ауыр қызға берсең болмас па еді? Әй, қызықсың сен де бір, «жігітсымағым»...

 Қолына найзасын, қылышын, шоқпарын, садағын, айбалтасын ұстап, жүйрік атының тақымын қысып, елі, жері, анасы, әпкесі, қарындасы, болашақ ұрпағы үшін жауға қарсы шапқан, қыз баласын сыйлап өткен, қабағына кірбің ұялатпай, алақанында аялаған қазақтың жігіттері осы ма?! Ал, қолына НОКИА, КОМПЬЮТЕР, СОНИ, АЙФОН ұстаған, жүйрік ат тұрмақ, өмірі атқа мініп көрмеген, жауға шаппақ түгілі, қазақ үшін кімнің жау, кімнің дос екенін білмейтін, һәм білгісі келмейтін, өзге тұрмақ, өз анасын, әпкесін, қарындасын сыйлай білмейтін қазіргі жігітсымақ жігіттерден «садаға кетсін» дейін десем, асыра айтқаным болар. Бірақ олай демейін десем, басқа сай келетін сөз таппай тұрғанымды қарашы. Әрине, «бір құмалақ бір қарын майды шірітерге» жеткізбеспіз. Дегенмен де, қазіргі қазақ жігіттеріне қарап, шынымды айтсам, «қарным ашады». Сол қарнымды тегі бір тойдыра алмай келемін. Қоғамдық көліктерде әйел баласына, мейлі ол анасындай, әпкесіндей болсын, тіпті өзінен кіші болса да, қарындасындай сыйлап орын берсе, сәл де болса «тамақтанар» едім. Бірақ «әй, қайдамның» күйін кешіп жүрген жайым бар. «Былшиып» отырған күйде, дүниені тіреп тұрғандай талтаңдап әрең түсетін қазағымның «кереметтей» жігіттерін ауылыма апарып, шөпке, картопқа салып, тауға апарып отын дайындатқызып, жүйрік атқа мінгізіп, мал бақтырып, ен даланы бір аралатқым келіп кетеді кейде! Керек десең, ат үстінде «соларға» қарағанда, мен жақсы мінетініме де сенімдімін! Қыздар жігіттерден шалбарды, темекіні, көлікті тартып алды дедік, жарайды. Бірақ қазір жігіттер қыздардың шаш үлгісін, қас теруін, бет терісінің кемістігін жасыратын жақпа майларын, тырнақтарына арнайы күтіп жасататын орындарын, кең қолтықты киімдерін, түрлі-түсті аяқ киімдерін, сақиналарын, сырғаларын да ұрлап жатқандығы «тайға таңба басқандай» «бақырайып» көрініп келеді. Иә, тоқтатайын. Бұл келесі тақырыпқа сеп болсын...

Ашу кернеп айтқым келгені, «ҚАЗАҒЫМНЫҢ ӨН БОЙЫНДА КҮШ-ҚУАТЫ ТАСЫҒАН, ҚАМҚОР, ҚОРҒАН БОЛАРЛЫҚ, ЕРЖҮРЕК, БАТЫР ДА, БАТЫЛ, ЕЛІНІҢ ЕРТЕҢІ ҮШІН ҚАМ ЖЕГЕН АТАЛАРЫНЫҢ «ҰРПАҚТАРЫ», қоғамдық көліктерде бос орынға ие болғандарыңа мәз болып, «байқаусызда» «көзім ілініп кетіпті» деген кейіп танытып, «уақытша ұйықтап қалмай», қоғамдық көліктегі жүргіншілердің «қарғыстарын алғанша», одан да өмірден басқа ешкім баса алмайтын, ешкім сұрап, ешкім таласа алмас, мақтан тұтатын, көпшіліктің көзайымына айналып, халқыңның ақ батасын алатын,  қызыға қарайтын "орындарыңды" табуға тырыссаңдар етті! Менің де сендерге тілер тілегім сол...БОЛДЫ.

 

Мақпал СембайМақпал Сембай
2 года назад 592
2 комментария
  • Барлығы сайып келгенде тәрбиеге байланысты.
    Өзіміз қандаймыз, қандай тәрбие береміз соның жемісін аламыз.
    ЖОО оқытушы болғандықтан түрлі балаларды көрем.
    Қазіргі жастар 90-жылдары аласапыран кезінде туылған балалар. Міне осыдан ақсап жатырмыз.
    2 года назад
    • Иә, отбасынан басталады расында бәрі де. Тәрбиенің жемісі - бүгінгі қоғамдағы ащы көріністер ғой.
      2 года назад
О блоге
0
43692 277 289 204 143