Сериал көріп көгере ме саналы ұрпақ...
Сериал көріп көгере ме саналы ұрпақ...
Мексика мен Бразилия сериалдары қазақтың тұманды ой-санасын одан ары тұмандатты...

Бразилия сериалдарын басып озып, қазiргi таңда көш басында тұрған – кәрiс пен түрiк және үзілмейтін, үздіктіре күттіретін үнді сериалдары. Негiзi, олардың (сериал иелерi) ойы, мақсаты – қазақтың (қазақтан басқа кiм көредi екен?) санасын улау ма, әлде өз тiршiлiктерiнен хабар берiп, өз мәдениеттерiн, салт-дәстүрлерiн осы бiр «тәсiлмен» көрсету ме? 

Бiз, қазақтар, өмiр-жолынан талай тайып, сан мәрте сүрiнiп-жығылып, қайта тұрғанбыз. Өмiр-өзеннiң дауылына төтеп берiп, Тәуелсiздiк аралына ата-баба арманымен, батырлардың күшiмен, көк бөрiге тән өжеттiгiмiзбен, қырандай қырағылығымызбен, барыстай батылдығымызбен жеткенбiз! Өмiр-кiтапқа өзге жаза алмаған тарихты жазып, өзге оқи алмаған жазбаны оқыған ерекпiз! Бiз жасынның жарқылынан қорықпайтын, селге ақпайтын, теңiзге батпайтын, күнге күймейтiн, құзға құламайтын, тұғыры тау шыңының шынарына салған қыран ұясындай биiк, асқақ, жiгерлi елмiз Жаратқан бiздi солай жаратқан!

Сонда сол сериалдар арқылы бiздi өмiрдiң ащы дәмiн татпады, отбасы күйреуiн, отбасы бақытын көрмедi, ақшаға құнығудың, өгейлiктiң, жетiмдiктiң, аурудың қасiретiн, арамның айласы асып, адалдың ары тапталғанын, болмашы бiреу үшiн арманның аяқасты болып, үмiттiң үзiлуiнiң не екенiн бiлмейдi демекшi ме? Бiз олардан зорғысын көргенбiз! Көргенбiз де, көнгенбiз! Сонау «қалмақ қырғаннан», сүйекке терi ғана қапталған аштықтан, желдi Желтоқсаннан...тағысын-тағы аман өтiп, Тәуелсiздiктiң туын еркiн желбiретiп келе жатқан мұңы бiр төбе, жыры бiр төбе, жеткен жетiстiктерi, асқан асулары бiр төбе болған азат елмiз! Сол сағызша созылған сериалдардағы ойдан шығарылған көрiнiстердi бiз өз басымыздан өткергенбiз!

Ымырт кiре көк экранға таласу басталады (бiр кiсi айтқандай: «Ол телевизор емес, ол – тiрi безер». Рас, ол тiрi безер...). Сен көрмейтiндi мен көремiн, мен көрмейтiндi сен көресiң... Қазақтың өзге шаруасы аздай, ендi қалғаны түрiктiң күйреген отбасы үшiн күйзелiп, кәрiстермен қосыла жылап, «мылжың» мексикандықтармен қосыла күлiп, баспалдақтан екі күн түсіп, актері жоқтай бір адам екі адам болып ойнап басты қатыратын, өлді дегені тіріліп, соқыры көріп, есалаңы ес жиып, немересімен бірдей болып көрінетін не бір қартаймайтын сайқымазақ әртістеріне толы, түкке тұрғысыз мәселені айлап шешіп, тұмсық астындағыны көрмейтін сананы бітеп, көзді тұмшалайтын үнді сериалдарына арбалып, өз жоғын жоқтамай, өз тігісін тікпей, өзгенің ойдан құралған өміріне өкініп, онсыз да мүжiлген көңiлдi одан ары болмашы көрiнiстермен мүжу...

Айтпағым, әлгi «жарнама» дейтiн нәрсе. Кезiнде, бiз оқушы болған шақта, сол бiр «дүние» көп-ақ едi. Көптiгi сонша, «жарнама көрейiн десең, сериалдарын жылт-жылт еткiзiп қайта-қайта көрсете бередi» дейтiн көрермен қауым. Сол жарнама атаулының өзi жақсы ма едi деп қалдым. Кезiнде соны бекер көп көрсетпесе керек...

Әне, әне, келе жатыр, қазiр, қазiр... сериалдың дәл «әлдекiмдер» күткен жерi. Бәлкiм, режиссердың «айтпақ ойы», киноның «түйiнi», бiреулер үшiн сериалдың «қызығы» да сол болар?! Келе жатыр, әнекей, сериалдың, һәм, киноның «ұятты» жерi... Қап, жарнама! Көрiнiстiң жалғасынан бұрын «жүгiрiп» кеткен «ойымызды» ақыл сезiп қойып, қызу майданға түстi ар мен ұят... Жарнама бiттi, дәл «сол» жерi де өтiп кеттi (қалжыңсүйерлер: «бұл сәттi өздерi көрiп алып, бiзге жарнама көрсетiп қойды» дер). Көрiп «көзайым» болар сәттен айырған «ей, қу жарнама»!

Ол (жарнама), негiзi, жақсы едi! Ол – ақылды едi! Оны дер кезiнде жiберiп отыратын көк экранның арғы бетiндегi ағай-апайлар, тiптен жақсы едi! Ол дәл керек кезде пайда болып, адамның ұятын ой-қапастан жұлып алатын едi, ол сериалға сән беретiн едi... ол... ол... негiзi... ол керек едi!

Көптiң қалауымен, тынымсыз шалынған қоңыраулардың әсерiмен жарнама жойылды. Әлгiндей сәттердi көру мүмкiндiгi көбейдi! Тiптен, арасында жарнама берiлiп жатса да, дәл сондай бiр «мәндi» жерлерiн тоқтатып қойып, жарнама бiткен соң қайта қосады. Ал, бұрын, «ол жерлердi» өткiзiп жiберетiн.

Бала-шаға үлкендермен жағаласып көретiн. Арасында жарнамасы аз қаптаған сериалдардың «сондай» жерлерiне келгенде ұяты бар, тәрбиесi мол кейбiр кiшкентайлар көзiн жұмғандай болады. Көзiн жұмғасын көрмейдi деп ойлайтын үлкендер, бала-шағада да құлақ барын ұмытты...

 Жоқ емес, қазір де жарнаманы көп көрсететін телеарналар бар. Бірақ олар жарнаманы дәл қайсы кезде көрсету керек екендігін білмесе керек. Ұятты фильм, сериалдарда көрсетпей, жаңалықтардың, әлдебір жап-жақсы бағдарламалардың арасына жарнама қосып қоятынына не деуге болады енді...

Отанның отбасынан басталатыны сияқты, бала болашағы «ұяда не көрсе, ұшқанда соны iледiге» тiкелей байланысты. Үлкендердiң бiрдеңе сұрап бiлгiсi келiп былдырлап мойнына асылған баласына «мыжыма» дүниенi тәптiштеп түсiндiрiп жатар уақыт жоқ. Олар өте қарбалас. «Сол баяғы бала қамымен шапқылап шалдығып жүрмiз»... дейдi-ау... Сылтау. Адам адамның, көңiлдiң құнын бiлсе, ағып бара жатқан уақыттың, зымырап бара жатқан өмiрдiң бiр сәттiк, қас-қағым мезетiнде де әр нәрсеге уақыт таба алады.

Отбасынан көрген тәрбие сүйекке бiткен таңбадай ғұмыр бойына сақталып, баланың қалыптасуына өз әсерiн тигiзерi сөзсiз. Сол тәрбиеге көк экранның «көмегi» де көптеп тиiп жатыр-ау... шамасы...

Н.ғ. ...отандық сериалдарға аса сұраныс жоқтығына дәл сол өзге елдің сериалдары 100 пайыз кінәлі!!!

Мақпал СембайМақпал Сембай
2 жыл бұрын 964
8 пікір
  • Мақпал қарынасым, өте өзекті мәселені көтіріпсіз. Елубай ағамыз қазақы мақалды сәл өзгертіп: "Ел боламын десең экраныңды түзе!" - деп жаһандану заманында қазақ тап болған осы қатерді ескерткен еді. Отандық сапалы, бәсекеге қабілетті кино, мултьфильмдеріміз дамымай бұл осылай жалғаса береді. Өкініштісі осы. Кейінгі шығарылып жатқан отандық кейбір киноларға да қарның ашады. Ойнап жүрген актерлардың түрі ғана қазақ демесең, ойы, дүние танымы өзгенің қаңсығы. Әттең...
    2 жыл бұрын
    • Иә, иә, Қожаны қайтадан түсіре алмайтын, Қожаның кейіпкерлерін ойнай алмайтын кезең-ау бұл кезең. Балалар арнап түсіріп жатқан кинолар да шамалы. "Менің атым - Қожа", "Жүйрік болсаң, озып көр", тағысын тағы "атам заманғы" киноларды әлі де сағына көретіндігіміздің өзі қазір олардың орнын басатын фильмдердің жоқтығының нышаны. Теледидар тәрбиелеп жатқан заманда қандай ұрпақ шығар екен...
      2 жыл бұрын
  • Үнді сериалдары адамның ойын бұзып болды. Бір кішкентай қыз анасына: "Мама, біз де құдай сатып алайықшы. Анандилер сияқты жалбарынамыз" депті. АстағфируЛлах! Бұл пәлелер расымен де улап жатыр сананы! Кейін сол сериалдарды көрген қыздар үндінің жігітіне ғашық болып, соның артынан кетуге, дінін қабылдауға даяр болып шыға ма деп қорқамын. Аллах сақтасын.
    2 жыл бұрын
    • Қорқынышты. Өлгендерін өртеп, не Ганга өзеніне тастайтын, сол өзенге жуынып, кірлерін жуып, өмірсүретін халықтың дәстүрін неге сонша дәріптейді екен "Қазақстан", "31 канал" телеарналары. Қазір тіпті теледидар қарағың да келмейді.
      2 жыл бұрын
  • Отандық сериалдар сұраныста жоқ емес, бар. Бірақ жіптің ұшы басқада жатыр ғой.
    2 жыл бұрын
    • Отандық сериалдар сондық сапалы, рухани мәнді болса, пираттық дистерде бірінші болып пайда болар еді. Әттең, оған да сұраныс болмай тұр емес пе?
      2 жыл бұрын
  • Шынымен де, маңызды мәселені алға тартып отырсыз, бірақ үнді, бразилиялықтардың бізге өз мәдениетін көрсету - мақсаты емес, бұл алдымен телеарна рейтингі үшін қойылатын дүние, сондықтан салт дәстүрін сақтайтын нағыз қазақ тәрбиелеу үшін алдымен телеарна басшылары ойлану керек сияқты
    2 жыл бұрын
    • Сол телеарна басшыларына саналы қазақ ұрпағы емес рейтинг керек болып тұрғаны ғой. Қазақтың қамын жейтін телеарна басшысы болса, телеарнасының арнасын ұлттық бағытқа барынша бұрар еді. Әттең!
      2 жыл бұрын
Блог туралы
0
43692 277 289 204 143