Сенің заманың өтірік. Бәрі өтірік...
Сенің заманың өтірік. Бәрі өтірік...

-Анау алдайды осы, ә... Ананы айтамын. Алдайды бізді.

Халық банкін көрсетіп, осылай деп тұр. Апа. Аялдамада. Айналама қарап қоямын, маған айтып тұр екен.

-Нені айтасыз?- дедім.

-Анау ақша алатынды айтамын. Алдайды. Ақша беремін деп, ақшаңды ұстап қалады. Тып-тыныш банктен ала беремін десем, балаларым қоймай, мына бір «кәртішкіні» алып беріп еді, оңай деп. Көп ақшамды ұстап қалды. Сосын банкіге барып, кезек күтіп, құжатыммен алдым. Алдайды. Қазір бәрі алдайды. Бұл сендердің замандарың. Сендердің замандарың өтірік. Бәрі алдайды... Бәрі өтірік. «Алдайды» деп айта берді, айта берді...

Бұл заман апамыздың қашан, қалай көңілін қалдырғанын білмеймін. Бірақ бүгінгі банкоматтан ақша ала алмаған жағдайдан кейін туған ой еместігіне сенімдімін. Көңілі қалғандығын айтып, алдайды деп «біздің заманға» деген өкпесін менен алып жатқандай. Мені кінәлап жатқандай сезіліп кетті... Үнсіз тұра бердім, автобусты күтіп.

Кенет, «қар жауып қалса екен бүгін!» демесі бар ма апамыздың. Әңгімесін әлі де маған айтып тұр.

-Неге? – дедім.

-Демалыс күндері анау үйдегі бала-шаға далаға шығамыз деп жылайды. Сосын шығарсаң, үсті-басын былғайды. Одан да қар, не жаңбыр жауып қалып, үйде отырғандары жақсы... (21 наурыз күні еді. Енді 4 күн демалыс берілгендігін айтып тұр апамыз.)

Қазіргі кезде барлығын технология билеп кетті. Балаларымыз даланы, ойнауды, табиғатты, таза ауаны ұмытты... деп дабыл қағып жатқан заманда бұл апамның бұлай дегеніне таң қалдым. Енді тағы не дер екен деп тұрғанымда...

–Автобус келе жатыр ма? Келе ме өзі? Қайда кетті? Анау 34 пе? – апамыз сөйлей берді, сөйлей берді...

- Иә, апа, ол 34.

Болды. Басқа ләм-мим демедім. Шыдамым жетті. Автобус та келе қалды. Әркім өз жөнімен кетті. Апамның жайы мәлім болды. Мен қандай апа болар екенмін деп ойландым... егер сол жасқа жетсем...

Осындай жағдай жиі болып тұрады өмірімде. Әлде сіздерде де солай ма? Мені көрген адам, мейлі кім болса да, бөтен, таныс болсын, мұңын шағып, ашуын маған шығарғып, «сырласқысы» келіп тұрады... Қызық.

 

Н.ғ.: былай тартып өгіз де өлді, арбам да сынды... әуеге жол тарттым...

Мақпал СембайМақпал Сембай
2 жыл бұрын 467
4 пікір
Блог туралы
0
43692 277 289 204 143