Сағыныш - сарқылмайтын дүние...
Сағыныш - сарқылмайтын дүние...

*** "Үндемеген үйдей бәледен құтылады" деген деп, үндемей, ешкімнің ешнәрсесіне араласпай, пікір алмаспай, ой бөліспей, сырласпай, бұрынғыдай ешкіммен де емен-жарқын сөйлеспей жүрсең, "үндемегеннен үйдей бәле шығады" деп қойып қалады қазағым. Сөйтеді де, сен туралы өзгелердің ойын күрт өзгертіп жібереді. Олардың сені және сенің ойыңды қате түсінгенін түсіндіргің келіп, әуреге түсесің. Ақталуға тырысасың. Адамдардың алдында. Бәлелердің бірі деп жүрмесін деп, бұрынғы әдетіңше етене араласа бастасаң адамдармен, тағы жақпай қаласың. Адам адамға жаққан ба өзі? 
... "Он күнәнің тоғызы тілден" деген екен. Одан да ұртымдағы қос тасымның орнын ауыстырып, қағаз, қаламмен, клавиатурамен "сырласып" жүре бергенім артықтау екен... Ұққаным осы соңғы күндердің көпшілігінде...

*** Ит ит екенмін деп кім, не көрінгенді қаба бермейді. Ал адам кейде аузым бар екен деп кімге, не болса соны айта береді. Иттік сол.

*** Тоңазытқыштағы тамағымыз көпке шыдамайды қазір... Ал кезінде мамаларымыз осындай аптап ыстықтың өзінде сол тоңазытқышсыз-ақ тамақты шірітпей, ашытпай, майды ерітпей, дастарханымызда жайнатып қоюшы еді, ә? Қазір таңғы пісіргенің кешке дейін быжып кетеді. Ал мамамыз кешегі асты бүгін ысытып, одан да дәмді етіп алдыңа қоюшы еді... Әлде қазіргі тағамдардың қоспасында химикаттарының көп болғандығы себеп пе екен? Әлде біз епсізбіз бе? 
Дегенмен де, маманың аты МАМА!!!

*** Сен жұртпен санасқаныңмен, жұрт сенімен санаспайды. Себебі, сен шетсіз, шексіз, тіреусіз, тұңғиық етіп көретін, Алланың мұғжизасы деп білетін кереметтерінің бірі - Aспан, біреу үшін жәй ғана жаңбыр, қар жауатын Aспан, басқа ештеңе.

*** Алақанға орнықпас, құшағыңа сыймайтын, ұзындықпен өлшенбес, уақытқа да бағынбас, көре алмас көздерің, жеткізе алмас сөздерің, таусылмайтын қазына, айнымайтын ешқашан, өзгермейтін өлсең де, көктеп шығар көмсең де, тамшы үміттей үзілмес, ешбір уақыт көз ілмес, мүлгімес те қалғымас, ұмыттырмас, ұмытпас, сатып ала алмайтын, құнсыз байлық ол деген... әркімге "тек" бұйырмас... тар құрсағын мекен етіп тоғыз ай, өле өлгенше өбектейтін сәбидей... ол мейірім сусынымен қаныққан, ет жүрегі езілетін Анашының саған деген таусылмас... қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, қырғыш құстай қорғаштап, жан кеудеден шыққанынша тіленіп жүрер сен үшін... Асқар таулы Әкешіңнің саған деген еш бітпейтін.... қос қанатың, тілекшіңнің ең, ең, ең керемет, табылмас, таптырмас - Махаббаты... Ол махаббат тым өзгеше... басқа ешбір ұқсамайтын сезімге... және де ол Махаббат әрбір кімге бұйыра да бермес "тек"...

*** Сағыныш. Ол деген тегі бір сарқылмайтын дүние екен, ә? Анама деген, ауылым, тауым, әкеме деген сағыныш тіпті де шексіз! Адам сағынбаса сезімсіз болғаны шығар? Сағынудың өзі керемет! Сағынарың бар, сағынуды білесің... қандай әдемі сезім... Сағындым...

*** Сағынуды сағынғаныңдай... Махаббатқа деген махаббат та болады екен-ау...

*** "Шипагер", "Ақтерек көктерек", "Қалмаспын", "Най на", "Авадағы қыз", "Бар", "Алло алло", "Натали", "Сақина", "Отқа май құйма", "Та-ра-ра жаным", т.б.... Бұлар ненің атауы деймісіз? Әндердің. Иә, талғамы биік қазақ халқымның қазіргі тыңдап жүрген әндерінің атауы. Бұл бер жағы... Өз басым бұларды тыңдамақ түгілі атауының өзіне көңілім қатты қалды. Әннің тақырыбы осындай болса, мәтінін мен әуенін жобалап тұрмын. Бәлкім, қателесермін. Дегенмен... "Құлақтан кіріп, бойды алмайды" қазіргі әндер құлақтан кіріп, нервіңді, ойыңды алады, ашуыңды шақырады, көңіліңді қалдырады.

"Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып...", "Өзіңмен Арыстың, бойында таныстым", "Шет жүрсем, сағынарым"...деп өсті ата-аналарымыз, алдыңғы буын. Осы күндері тыңдамасақ та, біз де осы әндермен өстік. Осы әндерді түн жарымда шырт ұйқыдан жұлып алса да, айтып берерміз. Бұл әндердің мәні бар, әні бар, сәні бар, тәрбиелілігі бар. Тыңдаған жанның көкейіне ой саларлық салмақтылығы бар. Бастысы-ғұмырлы. Иә бізге дейінгілер, біз де тыңдап өскен ән - нағыз ән.
Ал қазіргі жастар не тыңдап жүр? Кейін қартайғанда "е, чип-чип магдалена...мен де сендей боламын, көресің..." деп отыра ма? Бір ән айтып, онысы хит болса, жеке концерт беретіндер де көбейген. Әлде мен талғамсызбын ба,білмедім. 
Бір білерім: берері, айтары бар әннің ғұмыры бар, қалғаны тек уақыт жолында төселетін майда тастар ғана...

(сурет жеке мұрағаттан)

 
Мақпал СембайМақпал Сембай
4 жыл бұрын 4153
9 пікір
Блог туралы
0
56583 278 295 205 145