Ол өмірлік жарым болар ма екен-ай...
Ол өмірлік жарым болар ма екен-ай...

"Сындым. Бір көргеннен. Жүрісін айтсаңшы. Анау мультфильм кейіпкерлеріндей, тамақ иісіне елітіп, ауада қалықтайтын, ердім де қойдым соңынан. Еріксіз. Әлдебір сиқыр аяқтарымды бағындырып, тек алға, оның соңынан бастап келеді. Оның автобустан түскені сол еді аялдамама әлі екі кідіріс бар болса да, өзімнің қалай түсіп қалғанымды білмей қалдым.Тіпті жол ақысын төлеп-төлемегенім есімде жоқ. Тық-тық еткен өкшесімен жүрегіме біз қадап жатқандай! Жүрек шіркінің шым-шым етіп қояды. Жұпарын айтсаңшы! Пах, шіркін! Жаңа туылған баланың иісінен бетер! Толқынданып келген қою қара шаштары бас сүйегіне жасырынған ақылының қорғаны іспетті. Әлбетте, мұндай "ғажаптың" ақымақ болуы мүмкін емес қой! Күнге шағылысқан ұзын шаштары тіпті де сұлуландырып жібергендей Оны. Қыпша белінен қысып ұстап, көтеріп алып, айналдырып-айналдырып, аппақ маңдайынан сүйіп алса шіркіннің! Жүзін әлі көрмесем де, балтырының аппақтығынан ақ қыз екенін аңғарып келемін. Біресе алға, біресе артқа лақтырып келе жатқан қолдарын айтсаңшы! Сүйріктей саусақтары мына менің ұйпа-тұйпа болып тұрған, сәл майласқан шашымнан салалап тараса, шіркін, мен ұзыннан түсіп, аяқты айқастырып, басымды оның алдына қойып, көк шөпте жайғаса кеткен кезде. Сол кезде көз қаратпайтын күннен қалқаланып көздерімді жыпылықтатып, қолыммен көзімді көлегейлегенде, ол аппақ қолымен менің жүзімді күннен қызғанып, жасыра қояды. Сонда... сонда... мен оның мөп-мөлдір жанарымен жанарымды түйістіріп, сүйсініп, оған тамсанып қараааап жатам да қоямын... Түф, қиялға беріліп мен де бір!
Бойы менімен шамалас екен. Кейін балаларымыз да сұңғақ бойлы, талдырмаш, аппақ, сүп-сүйкімді болады-ау, шамасы. "Шыр" еткен телефонын сөмкесінен алғанының өзі бір... бір керемет сәт дерсің! Суретшілер осы сәтті көрсе, сөзсіз әлемді таң қалдырып, тамсандырған ғажап туынды дүниеге келер еді! Ал ақын, жазушылар көрсе, тарихта орын алар, ұрпақтан ұрпаққа қалар ғажайып сұрулықтың символы іспетті керемет бір шығарма дүниеге келер еді-ау! Мұндай ғажапты көріп, соңынан еріп келе жатқан мен де бақыттымын дәл осы шақ! Даусын айтсаңшы! Әр сөзін баптап, байыппен, арғы беттің сөзін тыңдап сөйлеп сөздерін айтсаңшы! Не айтып жатқанын ұқпасам да, сөйлегенінің өзі құдды әуен дерсің! Күлкісін-ай, күлкісін! Тау бұлағының сыңғыры жерде қалар! Құдды көмейінен лағыл моншақтар үзіліп жатқандай! Құлақтың құрышын қандырып, еріксіз езуіңе әлдебір шаттық сыйлайды-ау!
Құйып қойғандай дене пішімін айқын көрсетіп тұрған келте көйлегі тіпті де жарасып тұр! Дәл осы Жанға арнап тігілгендей! Көйлегінің түсі де ешбір түске ұқсамайды! Мен мұндай түс барын білдім бе десеңші?! Өкшесін жерге тигізбей тұрған биік түплиі өзіне ғана жарасатын, өзінде ғана бар, өзі ғана лайық сұлулықтың өзгелерден үстем екенін, өзгелерден ерек, дара екенінен хабар беріп, өзіне жарасымды тәккапарлықты өн бойына жұп етіп тұрғандай! Осыған дейінгі мен көрген сұлулық атаулының бәрін тәрк етіп, дәл қазір Ол "ИӘ" десе, қалған ғұмырымды осы сұлулықты тамсануға арнап, соңғы демім таусылғанша осы Жанның кірпігімен бірге оянып, бірге жұмылар едім! Демімен тыныстап, жүрек лүпілін санар едім! Әдетте айтыла салатын "ИӘ" деген екі әріптің жүгі ауырлап, тонналап тұрғаны-ай! Тек соңынан еріп келе жатқан мына мен осындай ғажап күйге түсіп, ес-ақылымнан айырылсам, Құдай ақы, жүзбе-жүз көрсем, тіпті тілім байланып қалар, ә?! Бұл Ғажап Жанның жүзін көрсем, жүрегім шыдай алар ма екен? Ешқашан жүзін көрсетпей, осылай соңынан еріп жүре берсем де мейлі маған... тек жоғалтып алмасам екен көз ұшынан... Шіркін, мендегі барын алып, тек осы Жанды маған сыйға тартса, болмысымен, жүрегімен қоса...
Е, мен өстіп соңынан еріп қана келе жатқанымда, өзге біреу батылдық танытып қояр. Мұным жарамас! Тәуекел деп, жаяу жолда қатарласып, жүзін көріп, сырын біліп, кеудеден атылып шығайын деп тұрған мынау жүректі Жүрегімен таныстырайын... "- деп іштей өзін жегідей жеп, "Сұлудың" соңынан еріп, есі кетіп ғашық болып келе жатқан жас жігіт Ғажап Жанға қатарласып, көзіне көзі түскені сол еді, біреу төбесінен шелектеп мұздай су құйып жібергендей өн бойы дір етіп, аяқтары қалай алдыға қарай жылдамдатып жүгіріп кеткенін байқамай қалды...
Өзіне біртүрлі қарап, асыға-аптығып алға қарай озып кеткен жігітті түсінбеген 50 жас шамалас "Әже" иығын қиқаң еткізіп, телефонның ар жағындағы жағы талмаған құрбысымен мәнсіз әңгімесін жалғастыра берді....

Мақпал СембайМақпал Сембай
2 жыл бұрын 607
5 пікір
Блог туралы
0
43692 277 289 204 143